Атырау, 29 наурыз 16:24
 ашықВ Атырау +4
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Нәрестенің өлімі туралы сот ісі: «Аудиожазбаны тыңдаған кезде, өзімді нашар сезіндім»

4 168 просмотра

«Облыстық перзентхана дәрігерлерінің әңгімесі жазылған аудиожазбаны тыңдағаннан кейін қылмыс жасалғанын түсіндім. Ал оған дейін нәресте өлі туды деп ойладым». Бұл - жәбірленуші Нұржамал ТҰРЫМБЕТОВАНЫҢ енесі - 68 жастағы Алтынхан ИЛЬЯСОВАНЫҢ сөзі. Ол 10 маусымда сотқа куәгер ретінде қатысқан еді. Оның ұлы, жәбірленушінің күйеуі Сатыбалды СЕЙТҚАЗИЕВ та осылай деді.

Аудиожазбаның өзі әзірге сотқа ұсынылған жоқ. Адвокаттардың сұрағына жауап берген Ильясованың айтуынша, өзіне Бауыржан мен Мейрамбек есімді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің екі қызметкері аудиожазбаны тыңдатқан, жазбада Қуаныш НЫСАНБАЕВ сол күні, өткен жылдың 28 қыркүйегінде кезекшілікте болған акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАНҒА нәрестеден құтылу керектігін айтқан.

- Осы жазбаны тыңдағанда, өзімді нашар сезіндім. Бұған дейін мен дәрігерлерді қорғап, тіпті тергеушілердің сұрағына жауап беруден бас тартқан едім, - дейді Ильясова.

Олардың шетелдік азаматша жайында айтқан әңгімесінен, оның өзінің келіні туралы екенін түсінген. Бұл жерде нәрестенің анасы, 25 жастағы Нұржамал Тұрымбетова Өзбекстан Республикасының азаматы екендігін айта кеткен жөн. Оның өзі жәбірленуші ретінде төмендегіні айтты.

23 қыркүйек күні кешке іші ауырсынған әйелді жедел жәрдем облыстық перинаталды орталыққа жеткізіп, босануға дейінгі бөлімге орналастырады. 29 қыркүйек күні кешкі сағат 11-де ол құрсағының төменгі жағы ауырғанына шағымданған. Сол күні кезекші акушер-гинеколог Асқар Қайыржан екен. Ол физиологиялық ерітіндіні тағайындайды да, палатадан шығып кетеді. Тұрымбетова сотта өзіне дәрігерлер тарапынан тиісті көңіл бөлінбегенін  мәлімдеді. Дәл сол күні, сағат 13.26-да, ол дәрігерлердің көмегінсіз, босануға дейінгі бөлім палатасында салмағы 810 грамм, бойы 32 см болатын қыз баланы өзі босанады. Бұл жүктіліктің 6-шы айында болған.

Сот отырысында сотталушылар баланың шала туылғанын және тірі қалмайтынын, босанған әйелдің құрсақішілік инфекциясы бар екенін бірнеше рет айтты. Бұған жәбірленушінің күйеуі Сейітқазиев әйелінің ауырмағанын және 23 қыркүйекке дейін еш шағымы болмағанын жеткізді. Аудиожазбаны тыңдағаннан кейін ол шетінеген сәбиді эксгумациялауға келісімін берген. Сот-медициналық сараптама оның тірі туылғанын анықтады.

Тергеу жорамалы бойынша, туғаннан кейін нәресте өлі туды деп тіркелген, ал іс жүзінде тірі болған. Кезекші акушер-гинеколог Қайыржан баланың «тірі еместігін» айтып, палатадан шығып кетеді. Әйелді гинекологиялық бөлімге алып кетеді, ал акушер Жәмила ҚҰЛБАТЫРОВА баланы мәйітханаға жіберуге дайындап, бирка тағып жатқанда, оның жүрек соғысын сезеді. Ол сол күні кезекшілікте тұрған неонатолог дәрігер Сағадат ӘЛІМБАЕВАНЫ шақырады, олар жаңа туған нәрестеден меконийді (алғашқы нәжісі) көреді. Қыздың аяқ-қолы қозғалып, тыныс алуға тырысып жатады. Алайда, Нысанбаевтың нұсқауымен ол тоңазытқыш камерасына салынды.

Сотта куәгер ретінде жауап берген С.Әлімбаева балада тіршілік нышандары болғанын растады. Ол сол күні кешкі сағат 17.00-ге дейін кезекшілікте болған, содан кейін неонатолог дәрігерлер Руслан НҰРМҰХАНБЕТОВ пен Дариға ЖҰМАБАЕВА кезекшілікке түскен. Тергеу жорамалы бойынша, қылмыс туралы білген олар оны хабарлау мүмкіндігі бола тұрып, хабарламаған. Сол үшін Қылмыстық кодекстің 434-бабы - «Қылмыс туралы хабарламау» бойынша айып тағылуда.

Келесі сот отырысы 16 маусымға белгіленді.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген автор

13 маусым 2020, 12:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.