Биыл Атырау облысында «Дипломмен ауылға» бағдарламасына 39 жас маман қатысуға ниет білдірді. Олардың көпшілігін Индер ауданы қабылдайды.
Олар білім, денсаулық сақтау саласында оқып, диплом алған түлектер. Өңірлік коммуникациялар қызметінде хабарлағандай, өткен жылы осы бағдарлама аясында ауыл мектептеріне 21 маман, медицина ұйымдарына – 8 маман жолдама алды. Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының мәліметі бойынша, биыл 135 жас маманға жеңілдікпен несие беру жоспарланып отыр.
-Қазір 39 маманның өтінішіне қолдау көрсетілді.Ауылға барып жұмыс жасаймын дегендерге әлі де өтініш жолдауға мүмкіндігі бар. Ол үшін қалалық немесе аудандық әкімдіктің экономика және қаржы бөліміне, болмаса ХҚКО-на құжаттарды тапсыруы керек. – деді әкімдікте.
Осы жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушыларына 100 АЕК (265 100 теңге) мөлшерінде біржолғы көтерме ақы және тұрғын үй сатып алуға 1500 АЕК (3 976 500 теңге) көлемінде бюджеттік несие бөлу қарастырылған.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА