Әлеуметтік желіде Мақат және Жылыой аудандарында карантин 21 маусымға дейін созылады, ал Атырауда 10 маусымнан бастап карантин қайта енгізіледі деген хабарлама тарады. Оған қоса халықты «дүрліктірмеу» үшін бұл хабарламаның сол күнге дейін айтылмайтындығы да ескертіле кетіпті. Бұл ақпаратты Атырау облыстық Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің орынбасары Амантай ЖҰМАҒАЛИЕВ жоққа шығарды.
-Бұл хабар мүлдем жалған ақпарат екенін ескертемін. Мұндай хабарламаға сенім білдірмей, деректерді тек ресми ақпараттардан алуды сұраймын, - деді А.Жұмағалиев. - Коронавирус дерті шыққалы бірнеше рет осындай шындыққа сәйкес келмейтін қауесет таратылды. Жалған ақпарат таратқаны үшін кей жағдайларда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын ескерте кеткіміз келеді.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Бейнежазба әлеуметтік желіден алынды