Астананың, қазіргі Нұр-Сұлтанның 20 жылдығына Атырау облысы өз қаржысына (6 млрд теңге) Есіл өзенінің екі жағасын жалғайтын жаяу жүргіншілер көпірін тарту еткені белгілі. Бұл көпір «Бәйтерек» монументі мен Тәуелсіздік Сарайы секілді астананың көрнекті орнына айналып үлгерді. Бүгінде Нұр-Сұлтанға тарту еткен Атыраудың сыйлығы қандай кейіпте екенін «АЖ» тілшісі өз көзімен көрген еді.
Жаяу жүргінші көпірін BI Group компаниясы жарты жылда салып шықты. Жалпы ұзындығы 313,5 метр, ені – 10,5 метр. Құрылым алты метрлік жаяу жүргінші жолағы мен үш метрлік велосипед жолынан тұрады. Металл құрылымның салмағы - 1 920 тонна.
Футуристік құрылым астана тұрғындары мен меймандарын тәнті етті, шынымен де үш мың күлте жапырақтан құралған көпір өрнектері оны өте әдемі етіп тұр. Нұрсұлтандықтар оны әртүрлі атайды: бірі «Атырау көпірі» десе, енді бірі «балық» көпірі дейді. Шынымен, үстінен қарағанда қабыршақты балыққа ұқсайды.
Беделді National Geographic басылымының фотографы Джордж ШТАЙНМЕНЦТІҢ арқасында бұл көпір әлемге танылды. Ол өз фоторепортажында былай дейді: «Жаңа жыл қарсаңында түн ортасында Нұр-Сұлтандағы мұз құрсанған Есіл өзенін жалғаған «Атырау» көпірінің үстінде отшашу басталды. Бұл әлемдегі екінші ең суық астана. Алайда минус 10°F температура жергілікті тұрғындардың жаяу жүргіншілер көпіріне жиналуына еш кедергі келтірмеді. Бұл көпірдің дизайны осы жердің бекіре балығының құрметіне жасалған».
Енді көпірдің үстімен серуендеп жүрміз. Күндіз-түні бұл жерде демалатындар көп. Олардың айтуынша, қатты жел тұрса, көпір сәл теңселеді екен. Бірақ бұл әдемі суреттер түсіруге кедергі емес.
Жол төсемінің кей жерлерінде әдеттегіше ойық пайда болған, төсемді ауыстыру керек екені көрініп тұр.
Кешірерсіздер, айтпасқа болмайды - қақырық-түкіріктердің ізі көп. Бұл тек бізде Атырауда ғана солай деп ойлайтын едік. Әр жерде қоқыс – қағаз-пакеттер, ішімдіктің бос бөтелкелері шашылып жатыр.
Осы жерде Атырау облысының символы – бекіренің ескерткіші бар. Жергілікті вандалдар бекіренің мұртын сындырыпты.
- Биыл көпірге ағымдық жөндеу жүргізілді, - деді «АЖ» тілшісінің сұрағына Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал ОЛЖАБАЕВА. – Граниттегі бүлінген жерлер дұрысталып, велосипед жолы боялды. Қоқысты үнемі мердігер мекеме жинап тұрады. Көпір жақсы күйде.
Жалпы, Нұр-Сұлтанға жолыңыз түсе қалса, «Атырау» көпіріне барып, суретке түсуді ұмытпаңыз. Өйткені, бұл «мұнайлы астананың» қай жағынан да өте қымбат астанаға сыйға тартқан тартуы ғой.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор