Атырау, 24 сәуір 08:14
 ашықВ Атырау +27
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

Депутаттар салық қызметкерлерінен «Дина» көтерме базарын тексеруді талап етті

4 043 просмотра

Қалалық мәслихат сессиясында мемлекеттік кірістер басқармасының бастығы Диас ҚАДЫРБАЕВ депутаттар Гүлзинеп ДҮСІПОВА мен Қаршыға ЖАУЫМБАЕВТЫҢ «нысанасына» ілінді.

Дүсіпова «Дина» базарының артында орналасқан көтерме сауда орындарының «кассалық тәртібін» салық қызметкерлерінің тексеру керектігін көптен бері айтып келеді екен:

- Ол жерде ешкім кассалық аппаратты қолданбайды. Сатушылар чек бермейді. Терминалдың жоқтығын желеуретіп, төлем карталарын да қабылдамайды. Тек қолма-қол ақшаны талап етеді. Өткен жылы осы мәселені көтергенмін, бірақ баяғы жартас - бір жартас. Тағы бір жайт: дүкен иелері көтерме сауда деп атаған соң, бағалары да соған сәйкес төмен болуы тиіс. Ал іс жүзінде сатушылар тұтынушыларға «бағамыз ұнамаса, басқа жерден ізде» деп, дөрекілік танытады.

Қадырбаев:

- Биыл 1 қаңтардан бастап шағын және орта бизнесті тексеруге кезекті мораторий енгізілді. Кәсіпкерлер табыс салығын төлеуден босатылды.

Чектерге қатысты: субъектінің тіркелген-тіркелмегенін ғана тексере аламыз. Яғни, егер сауда нүктесінің иесі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмесе, онда тексеруге шығып, хаттама толтырып, материалды сотқа жібере аламыз. Мемлекеттік кірістер комитеті «Чек талап етіп, көлік ұтып ал» деген республикалық акцияны тұрақты өткізіп тұрады. Заң бойынша сатып алушы талап ете ме, жоқ па, соған қарамастан сатушы чек соғуға міндетті.

Дүсіпова:

- Тағы да айтам, «Динаның» осы бөлігінде сауда жасайтындар сатып алушылардан тек қолма-қол ақша талап етеді. Карта жүйесін мойындамайды. Мұның біреудің мүддесі үшін жасалып отқаны сөзсіз - олар өздерін тым дөрекі ұстайды.

Қадырбаев:

- Өткен жыл бойы бізде кассалық аппараттарды онлайн енгізу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде бұл жұмыстың 99 пайызы қамтылды. Чектердің соғылмайтыны проблема болып тұр. Бірінші жартыжылдық аяқталған соң камералды бақылау жүргіземіз. Кәсіпкерлер ұсынған салық декларациясы онлайн кассалық аппаратындағы мәліметтермен салыстырылады. Сәйкес болмаған жағдайда, материал сотқа жолданады. Алдыңғы күнмен әр жұмыс күнінің соңында белгілі бір сомадан, мәселен, 100 теңгеден чек соғатындар бар. Біз мұның бәрін көреміз.

Жауымбаев:

- Базарда баға көрсеткіштерінің болмауы да проблема. Көз алдында баға жазылып тұрса, сатып алушы салыстыру үшін чек талап ете алады. Ал қазір сатушының ауызша айтқан бағасына сенуге мәжбүр.

Мирас МҰСТАФАЕВ

4 маусым 2020, 16:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.