Атырау, 27 сәуір 00:25
 ашықВ Атырау +25
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

"Қазір жағдай күрделі: ҚМГ қаржылық көрсеткіштерді айтарлықтай төмендетеді

3 132 просмотра
Сурет: ҚМГ баспасөз қызметі

ОПЕК + келісімі бойынша «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ өндіріс көлемін азайтады, бұл сөзсіз мердігер ұйымдардың тиісті жұмыс көлемінің қысқаруына әкеледі. Бұл туралы ҚМГ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев Атырау және Маңғыстау облыстарына жұмыс сапары барысында мәлімдеді.

«Сондықтан еншілес және сервистік компаниялардың басшылары қалған жұмыс көлемін жыл соңына дейін тиімді үлестірулері қажет. Жұмыс кестесін өзгертуге тура келетін болар. Осы мәселені жергілікті деңгейде әлі де мұқият пысықтауымыз керек. Бірақ тағы да қайталаймын, барлық өндірістік қызметкерлердің жұмыс орындары сақталуы тиіс», – деп тапсырды ҚМГ басшысы.

ҚМГ басшысы Компанияның қаржылық жай-күйіне де тоқталып кетті. Нарықтық жағдайдың теріс әсерін азайту үшін «ҚазМұнайГаз» дағдарысқа қарсы бағдарламаның тұжырымдамасын әзірледі.

«Қазір жағдай күрделі. Компанияны сақтап қалу үшін тиімді шаралар қабылдау қажет. Біз қаржылық жағдайды тұрақтандыруға, шығынды төмендеген кіріске сәйкес келтіруге және дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындыққа бағытталған дағдарысқа қарсы бағдарламаның тұжырымдамасын әзірледік», – деп атап өтті ҚМГ басшысы.

Іске асырылып жатқан дағдарысқа қарсы шаралар аясында барлық компаниялар тобы бойынша шығын 146 млрд теңгеге қысқартылды. Орталық аппараттың ұйымдық құрылымы қайта қаралып, қызметкерлер саны 34%-ға оңтайландырылды. Топ-менеджерлердің жалақысы 30%-ға, орта буын басшыларының жалақысы 20%-ға қысқарды. Сондай-ақ, жыл соңына дейін барлық сыйақы мен бонустар алынып тасталды. Дегенмен, қатардағы қызметкерлердің жалақысы бұрынғы деңгейде сақталды. Бұған қоса Орталық аппаратта басшыларға арналған қызметтік көліктен бас тартылды.

«Еншілес ұйымдар туралы айтатын болсақ, өндіріс пен қызметкерлердің жұмыспен қамтылуына қатысы жоқ барлық шығын қысқартылды. Жағдайға қарай тағы қандай шығынды азайтуға болатынын алдағы уақытта көре жатармыз. Өндірістегі қызметкерлерді қысқарту жоспары болған жоқ. Басты міндетіміз – жұмыс орындарын сақтап қалу. Бірлесе отырып, қиындықты еңсеретінімізге сенімдімін», – деді Алик Айдарбаев.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев еншілес кәсіпорындардың басшыларына жолдаған үндеуінде қуат көздеріне сұраныстың және мұнайға әлемдік бағаның төмендеуі Компанияға қалай әсер ететінін айтып берді. Оның айтуынша, жылдың қорытындысы бойынша ҚМГ қаржылық көрсеткіштері едәуір төмендейді деп күтіледі. Бұдан басқа, ОПЕК+ келісімі аясында Компания өндірісті азайтады, бұл мердігерлік ұйымдардың тиісті жұмыс көлемінің азаюына әкеледі.

Атырау облысына сапары барысында ҚМГ басшысы біріктірілген газ-химиялық кешені құрылысының барысымен де танысты. Қазіргі кезде жобаның дайындығы 66%-ды құрайды. Жалпы құрылыс жұмыстары аяқталып қалды. Сыйымдылық және жылу алмастыру жабдығының, металл конструкциялардың және құбырлардың монтажы жүргізілуде. Алдағы кезеңде күрделі технологиялық жабдықтың құбырларын жинақтау, монтаждау және бекіту жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Алик Айдарбаев Атырау өзен портына барып, онда Оңтүстік Кореяда жасалған аса маңызды өте ауқымды жабдықтың теңіз көлігімен жеткізу барысымен танысты.

1 маусым 2020, 15:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.