АҚШ-та афроамерикалық Джордж Флойдтың өлімі себеп болған ереуіл басылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, наразы халық Вашингтондағы Ақ үйдің алдында жиналды. Ереуілдеушілер жаппай тәртіпсіздік орнатты. Резиденцияның адында жиналғандарды тарату үшін полиция шоқпармен күш қолданған. Жалпы наразылық акциясы елдің өзге де өңірлерінде жалғасуда.
Миннеаполис, Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Мемфис, Денвер қалаларында да халық басылмай тұр. Лос-Анджелесте тәртіпсіздіктің салдарынан жергілікті билік коменданттық сағат жариялады. Наразылыққа полиция қызметкері Дерек Шовиннің Миннеаполис қаласында афроамерикалық азаматтың қолына кісен салу үшін оны асфальтқа құлатып, мойнын тізесімен 8 минут тұншықтырғаны себеп болды.
Осы оқиғадан кейін полицей Дерек Шовин қамауға алынды. Қалған 3 полиция қызметкері жұмысынан босатылды. Енді халық оларға да қатысты қылмыстық іс қозғауды талап етіп отыр. БЛИЦ: – Жұмысыңызға қарамастан, қайда тұрып жатқаныңызға қарамастан, егер қара нәсілді болсаңыз, өмір сүру қауіпті. Қашанғы осылай болады. Мұны өзгертетін уақыт келді.