Индербор кентінде «Болашақ» ықшам ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған әлеуметтік нысандағы 23 үй (45 пәтер) өткен жылы пайдаланылуға берілді. Бұл пәтер жалдап, баспанасыз жүрген отбасыларға үлкен көмек болды.
Осы үйлерде көп балалы 45 отбасы қоныс тепті. Бірақ кейбір үйлерде қыстағы боранда шатырға қар кіріп, күн жылынғанда еріп, төбеден су аққан. Осыған байланысты тұрғындар үйлердің шатырын қайта қалыпқа келтіру жөнінде өтініш айтқан болатын. Бұл туралы «АЖ» тілшісі де аяқтай келіп, мақала газетте жарияланды.
Үйлердің инфрақұрылымы (газ, су, жарық) жеке кәсіпкер Саламат Абулхайыровтың демеушілігімен жүзеге асырылғанын атап өткен жөн.
- Аудан әкімшілігі біздің шағымды қарап, тұрғын үйлерді салып, сатқан жеке кәсіпкер С.Абулхайыровқа хабарласып, ақаулықтарды қалпына келтіруге жұмыстанды. Қазір кәсіпкер өз қаржысына қажетті материалдарды түгел әкеліп, жұмысшы бригадаларды жалдап, жөндеу жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Біздің шағымымызға құлақ асып, оң шешіп беріп жатқан аудан әкімшілігіне, ЖК С.Абулхайыровқа алғысымызды айтамыз, - дейді тұрғындар.
Күні бүгінде екі бригада шатырдың ақаулығын қалпына келтіру ісімен тұрақты айналысып, жөндеу жұмысын 1,5 ай ішінде бітіруге күш салуда.