Атырау компаниялары 809 бос жұмыс орнын ұсынуға дайын. «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын 25 жоба үшін жұмыс күші қажет. Мердігер мекемелердің қатысуымен Атырау әкімдігінде өткен кеңесте осы және басқа да цифрлар айтылды.
Мемлекеттік бағдарлама аясында өңірде 2446 жұмыс орны құрылды. Талаптарға сәйкес, әрбір екінші жұмысқа тұрушы Атыраудағы жұмыспен қамту орталығында тіркелген болуы тиіс. Яғни, егер компанияға 50 адам қажет болса, оның 25-і орталық жолдамасымен қабылдануы тиіс.
Жұмыспен қамту орталығының директоры Гүлнар ҚҰСПАНОВАНЫҢ айтуынша, бағдарламаға қатысуға 20 компания сұраныс жіберген. 809 бос жұмыс орнын жабу үшін орталық 3 жәрмеңке өткізіп, онда 244 адам жұмыс тапқан. Мәселен, №55 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін «КомпанияТехСтрой» ЖШС-іне еңбек биржасы арқылы 18 жұмысшы жұмысқа қабылданған. Кәсіпорын тағы 15 адамды қабылдауды жоспарлап отыр. Атырау қаласының әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ кәсіпкерлерге жұмыспен қамту орталығы арқылы жалданған жұмысшылар мен бұрыннан жұмыс істейтін ұжым арасында жалақы айырмашылығына жол бермеуді тапсырды.
- Осы бағдарламаның жобалары бойынша ең төменгі жалақы - 85 мың теңге. Қатысуға ниет білдірген екенсіздер, бағдарламаның талаптарын орындаңыздар, қажетті жұмыс жағдайын жасаңыздар. Жұмыссыздықпен күрес бұл ең алдымен жұмыспен қамту орталығының құзыреті, - деді Оразбаев. - Біз бұл мәселелерді бірлесе шешуіміз керек. Егер әкімдіктің инвестициялық жобасына қатысатын мердігер жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ете алмаса, бізге осындай мердігерлермен жұмысты жалғастыра беру қажет пе?
Алайда, жұмыс берушілердің ұсыныстарымен бәрі бірдей келісе бермейді екен. Мұның себептері әртүрлі, мысалы, кей жағдайда қызмет көлігінің немесе ыстық тамақтың жоқтығы жұмыс іздеушілердің көңілінен шықпайды. Ал кей мердігерлер әңгімелесуге тіркелген жұмыссыздардың өздерінің келмей қалатынын айтты.
Құрылысшылар мен жол қызметкерлері, сонымен қатар сантехниктер еңбек нарығында ерекше сұранысқа ие. Рас, соңғысы жұмыссыздар арасында көп емес.
Бүгінгі таңда «Жұмыспен қамтудың жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамту 40% құрайды. Карантин қала тұрғындарының белсенділігін тежеп, бұл процесті едәуір бәсеңдеткенімен, жергілікті билік бағдарламаны толығымен жүзеге асыруға ниетті.
Зульфия ИСКАЛИЕВА