Атырау, 29 наурыз 19:30
 ашықВ Атырау +1
$ 448.15
€ 483.46
₽ 4.86

Атырау әкімі тағы уәде берді

Сурет Бейнежазба
7 666 просмотра

Бүгін, 26 мамырда сағат 10-да қалалық әкімдік ғимаратының алдына Гагарин көшесінің бойындағы № 124 апатты үйдің (бұрынғы жатақхананың) он бес шақты тұрғыны жиналды. Олар кідіртпей өздерін жаңа пәтерлерге көшіруді талап етті.

Өйткені, биылғы қаңтар айында оларға Береке ықшамауданындағы көппәтерлі жаңа №21 және 22 үйлерге көшіретіндігі туралы хабарландыру келген. Алайда елімізде төтенше жағдайдың және Атырауда карантиннің жариялануына байланысты, бұл мәселе кейінге қалдырылған. Ал апатты ғимарат тұрғындарының айтуынша, ол жерде енді тұру мүмкін емес.  

- Бізге жаңа пәтерге көшетініміз туралы хабарландыру келді ғой, неге созып отыр? Ғимарат іші тұнып тұрған антисанитария, бұл жерде карантин талаптары қалай сақталады? Бүкіл адамға бір дәретхана, ол да сыртта, суды да бір шүмектен алуға тура келеді, - дейді наразы болған Светлана ЧЕПЛАКОВА.

Атырау әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ кабинетіне екі адам - Ерқанат АЙТЖАНҰЛЫ мен Тәнзила ҒИЛАЖЕВА кірді. Ерқанаттың айтуынша, әкім Берекедегі жаңа пәтерлерге көшу мәселесінің кейінге қалдырылғанын, олардың карантин стационары ретінде берілгенін түсіндірген. Бірақ осы жылғы тамызға дейін Нұрсаяда салынып жатқан №116 үйге көшіруге уәде беріпті.

Жиналғандар әкімнің бұл жауабына қанағаттанбай, біраз уақыт сол жерден тарамады. Содан соң Нұрсаядағы салынып жатқан №116 үйге барды.

- Біз құрылысшылардан үйді шілдеде тапсыру жоспарланғанын білдік. Тағы күтуге тура келеді. Бірақ шыдамымыздың шегі қалмады, - дейді Е. Айтжанұлы.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

26 мамыр 2020, 15:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.