Атырау, 19 сәуір 11:52
 ашықВ Атырау +30
$ 447.40
€ 477.55
₽ 4.76

Астрахан жолындағы жұмыстар жайында

Сурет
5 277 просмотра

Редакция сауалына жауап ретінде «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының баспасөз қызметі бүгінгі таңда Атырау-Астрахан учаскесіндегі 616-893-ші шақырымда (бұл 277 шақырым жер) қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Осы жылдың аяғына дейін 60 шақырымдағы (833-893 км) асфальтбетон жабынының төменгі қабатын тапсыру жоспарланған. Бұл учаскеде 12 көпір мен 22 су өткізгіш құбырдың, сонымен қатар 8 малөткелдің (малды өткізуге арналған туннель) құрылысы 50% аяқталған. Ал 616-833-ші шақырымда дайындық жұмыстары жүргізіліп, уақытша айналма жолдар салынуда.

Филиалдың растауынша, «бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр, карантин кезінде қайта жаңарту жұмыстары тоқтаған жоқ - коронавирус инфекциясына жол бермеу шаралары қолданылды. Қызметкерлер мен техникалар қозғалысы шұғыл штабпен келісілді».

Қайта жаңарту жобасының аясында 277 шақырымда қиыршық-тас мастикалық асфальтбетон жабыны ауыстырылады. 2 жол өткелі, 20 көпір, 36 автобус аялдамасы мен 80 су өткізгіш көпір орнатылады. Жұмыстар аяқталғанда трасса ІІІ техникалық санаттан ІІ техникалық санаттың талаптарына сәйкес болады. Қазір жоба жұмыстарына 740 қызметкер мен 550 техника жұмылдырылған.

Бұдан бұрын «АЖ» 60 шақырым жерді қайта жаңартуға республикалық бюджеттен (23 млрд теңгеге жуық) қаржы бөлінгенін хабарлаған еді. Бұл жұмыстарға Sine Medas Stroy түрік компаниясы мердігер болған. Ал 217 шақырымдық учаске жұмыстарына Қазақстан Еуропа қайта құру және даму банкінен 260 миллион доллардай қарыз алды. Бұл жердегі мердігерлер – итальяндық Тоdini, түріктің «Ант Иншаат», осы Sine Medas Stroy мен «АтырауИнжСтрой» компаниялары.

Сондай-ақ, «АЖ» «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК филиалына жүргізіліп жатқан жұмыстар мен жол-құрылыс материалдарының сапасы туралы сауалмен жүгінді. Бізге бақылау жұмыстары үнемі жасалатынын, жыл басынан бері 41 сараптама жүргізілгенін, 62 рет материалдар сынамасы алынғанын хабарлады. Тоdini-де жол-құрылыс зертханасы 80%, «Ант Иншаатта» 70% жабдықталғаны анықталған. Ұлттық орталықтың мамандары өз ұсыныстарын енгізген, бірақ әзірге бұл екі мердігер карантин мен шекарадағы тосқауылдарды желеуретіп отыр екен.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

23 мамыр 2020, 14:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.