Атырау, 24 сәуір 16:51
 ашықВ Атырау +19
$ 444.32
€ 473.33
₽ 4.76

«Оның тірі екенін жүрегіміз сезеді»

Сурет Бейнежазба
6 583 просмотра

Жұлдыз ықшамауданында жоғалған баланы іздестіру орнынан репортаж

Жұлдыз ықшамауданында 1,5 жастағы баланы іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Әзірге табылған жоқ.

Бүгін, 21 мамырда «АЖ» тілшілері оқиға орнына барды.

Жоғалған баланың отбасы тұратын №10 көшеде ЖПП көліктері мен Ұлттық ұлан сарбаздары және жергілікті тұрғындардың біршамасы үйдің маңайында жиналған. Көп ұзамай, еріктілерді кездестірдік. Солардың бірі Клемент ЯКУШИН жеке фирмада құтқарушы болып жұмыс жасайды екен. Бұл оқиға туралы ол әлеуметтік желіден естіп, көмектесу үшін жанына әріптестерін де ерте келіпті.

Осы жерде үлкен жолаушылар автобусы да тұр. Онда жергілікті полицияның қалалық қызметінің басшысы Ерлан БИҒАМБАЕВ басшылық ететін іздестіру операциясының штабы орналасқан. 

Іздеуге қатысуға ниет білдірген жанашыр адамдар осы штабқа хабарласып, осы жерден бағыт-бағдар алуға болады. Кешеден бері ықшамауданның 51 көшесінің бәрі тексерілді деді Биғамбаев Якушинге. Жаңа ғана Теңдіктегі  және халық «Орбита» деп атап кеткен  зираттарды қарап шығуға екі топты жіберді:

Қазір соларға қосылуларыңызға болады, себебі ол үлкен аумақты алып жатыр. Олар бейіттердің арасын қарап жүр. Ал көшелердің бәрі тексерілді.

- Септиктерді қарадыңыздар ма?

- Иә, кеше де, бүгін де бүкіл шұңқыр, құдық, қоқыс жәшіктері – бәрін қарадық. Септиктердің ішіндегі суды вакууммен сорып та қарадық.

Екеуі сөйлесіп болғасын, Биғамбаевқа мен де жолықтым. Оның айтуынша, баланың жоғалғаны туралы хабар полицияға 20 мамыр күні сағат 14.01-де түскен. Сол күні сәби аулаға ойнауға шыққан. Шамамен жарты сағат алаңдап кеткен отбасы мүшелері баладан көз жазып қалыпты. Алдымен өздері іздеген, сонсоң полицияға хабарлаған.

-Біз дереу жетіп, көшелерді аралап, сол ықшамаудан тұрғындарынан сұрастырып көрдік, таба алмадық. Сосын әлеуметтік желі арқылы еріктілерге хабар бердік, - дейді Биғамбаев. – Көп адам көмектесуге ниет білдірді, оларды екі ауысымға бөлдік. Бір топ кеше кештен таңертеңге дейін іздестірді, кейін оларды екінші топ алмастырды.

Түнде полицияның 50 қызметкері, Ұлттық ұланның 30 сарбазы және шамамен 100 шақты Атырау қаласы және Жұлдыз ықшамауданының тұрғындары іздеуге атсалысты.  Ал, ПД өкілі Гүлнәзира МҰҚТАРОВАНЫҢ айтуынша, бүгін таңертең баланы іздестіруге  400-ге жуық  адам келді. Сонымен қатар 70 ұландық сарбаз, 100 шақты полиция қызметкері, 20 техника және екі қызметтік із кесуші ит жұлдырылды.

Біз автобустан шыққанда, жиналған адамдардың қасына жергілікті тұрғын Нұрсұлтан НЫҒМЕТУЛЛИН келіп, «батысқа қарай іздеу керек» деді. Неге батыс бетті бағыттағанын сұрағандарға, ол бір көріпкел солай айтты деп жауап берді.

- Мен кешеден бері іздестіріп жүрмін, - дейді Нұрсұлтан. – Кеше біз үйлерді аралап жүргенде, қожайындардың бірі бізге темір ала жүрігіп қуды. Тонаушы деп ойлаған сияқты. Сондықтан әр топқа полиция қызметкерін қосуды өтінемін.

Биғамбаевтың айтуынша, әртүрлі болжам бар. Жоғалған сәбидің Құрманғазыда тұратын әкесінен  (баланың ата-анасы бірге тұрмайды) де жауап алынды – ол баланың жоғалуына қатысым жоқ деп отыр.

Баланың анасымен сөйлесуге тырыстық. Бірақ үйіндегі туысқандары қарсы болды: 22 жастағы Гүлназ түнімен жүріп, жаңа ғана көз ілген екен.

Гүлназдың анасы Нұргүл ӘБІШЕВА бір үйде жолдасы, қызы жиенімен және тағы үш бала болып тұратынын айтты. Баланың тірі екенін жүрегім сезеді деді.

Жоғалған сәбидің әжесі Нұргүл ӘБІШЕВА

- Осы жерден біреу баланың адасып кеткенін көріп, үйіне  алып кеткен  болар деп ойлаймыз. Қазір бәрі тынышталғасын, әкеліп беретіндей көрінеді бізге. Оған дейін баланы ұрлап кетті деп жала жабады деп қорқып отырған шығар. Баламыз аман-есен деп сеніп отырмыз. Көріпкелдер де солай есептейді, - дейді туысқандары.

Біз әңгімелесіп отырғанда еріктілердің біреуі келіп, із кесуші иттерге иіскеткен баланың киімдерін әкеліп, сәбидің иісі сіңген тағы киімдерін беруді сұрады.

Полицияда хабарлағандай, қазір іздеу аумағы кеңейтілді: халық «Береке» ықшамауданы мен саяжайларды аралап іздеуге кірісті.

Іздестіру әлі де жалғасуда. Жағдайды қадағалап отырамыз.


Айнұр САПАРОВА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

21 мамыр 2020, 19:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.