20 мамырда Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ COVID-19 жұқтырған 700-ден астам науқас анықталған Теңіз кенішінде шұғыл жиын өткізді, деп хабарлайды Атырау облысының коммуникациялар қызметі.
Теңіз кенішінде құрылған арнайы штабтың атқарушы басшысы Аслан Бекжанов, Жылыой аудандық бас санитарлық дәрігері Талғат Хабибуллин, Денсаулық сақтау министрлігі комитет төрағасының орынбасары Нұрхан Сәдуақасов, «Теңізшевройл» ЖШС өндіріс операциялары бойынша менеджері Гарри Энк баяндама жасады.
Атырау облысының коммуникациялар қызметі хабарлағандай, өңір басшысы облыстық штаб филиалы мен «Теңізшевройл» компаниясына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, карантинге жабылған вахталық қалашықтарға қатаң бақылау жасау, түсіндірме жұмыстарын барынша арттыру, провизорлық стационарды медициналық мамандармен қамтамасыз етуді жеделдетуді тапсырды. Бұдан басқа, «Теңізшевройл» компаниясына мердігер мекемелермен бірлесе отырып жұмыс мерзімі біткен қызметкерлерді Теңіз кенішінен келісілген талаптарды қатаң сақтай отырып шығару жоспарларын әзірлеуді жүктеді.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді ӨКҚ ұсынды