Атырауда Ресей мен Арменияда есепте тұрған екі шетелдік көліктің жүргізушілеріне бірнеше ай ішінде миллион теңгеден астам айыппұл салынды.
- Opel Astra көлігін тізгіндеген жүргізушіге наурыз-мамыр айы аралығында жол жүру ережесін 116 рет бұзып, мойнына 1,1 миллион теңге айыппұл жинады. Екінші - Daewoo Nexia жүргізушісіне 173 625 теңгені құраған 20 айыппұл салынды. Оның бәрі де жылдамдықты арттырғаны үшін. Көліктер Армения мен Ресейде есепте тұрғасын жергілікті деректер базасында тіркелмеген, сондықтан полицияда жүргізушілердің нақты мекен-жайы болмаған еді, - деп түсіндірді ПД баспасөз қызметінің өкілі Гүлнәзира МҰҚТАРОВА.
Автоинспекторлар көшедегі бақылау жүйесінің көмегімен қасақана ереже бұзушыларды анықтап, қолға түсірді. Енді иелері айыппұлды толық өтемейінше, екі көлік те айып тұрағында болады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА