Австриялық Borealis компаниясы өз сайтында Атырау облысында полиэтилен өндіру кешенін салуға әзірлікті тоқтатуды шешкені туралы баспасөз релизін жариялады. Хабарламада айтылғандай, жобаға қатысуды тоқтату шешімі қазіргі айқын байқалып отырған жағдайдың, оның ішінде коронавирус пандемиясының әсерін және болашақтағы нарықтық болжамдардың белгісіздігін ескере отырып, барлық тұстарын жан-жақты мұқият бағалауға негізделген.
Естеріңізге сала кетсек, полиэтилен өндіретін зауыт барлық интеграцияланған газ-химия кешенінің екінші кезеңі болып табылады. Бірінші «Полипропилен» кезеңі бойынша құрылыс кестеге сәйкес жүріп жатыр, оның құрылысын келесі жылы аяқтау жоспарлануда (дегенмен, бұл ақпарат пандемияға дейін айтылды). Бұл мақсатқа Қытайдың даму банкінен 20 жыл мерзімге 2,6 млрд доллар несие тартылды.
Құны 4,6 млрд долларға есептелген екінші фазаға келетін болсақ, оны 2026 жылы аяқтауды жоспарлаған еді. Өзінің қазіргі шешіміне дейін Borealis «Біріккен химиялық компания» ЖШС-мен («Самұрық-Қазына» АҚ-ның 100% еншілес ұйымы) бірлесіп, ТЭН әзірледі. Бұл екі компания жобаны 50% үлеспен жүзеге асыруды жоспарлаған.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ. Borealis 1994 жылы құрылып, Еуропада полиэтилен мен полипропилен (PP) өндіруден көлемі бойынша сегізінші компания. Оның пластмассаларынан тұтынушылар азық-түлік орамасы, медициналық құрылғылар, энергетика және байланыс кабельдері, су және кәріз құбырлары мен автомобиль бөлшектері сияқты өнімдер шығарады. Borealis-ты Абу-Даби Mubadala (64%) және OMV (интеграцияланған Халықаралық мұнай-газ компаниясы, Австрия-36%) халықаралық мұнай инвестициялық компаниялары бірлесіп иеленіп отыр. «Мубадала» - 2017 жылдың қаңтарында ашық акционерлік қоғам ретінде құрылған мемлекеттік холдинг компаниясы. Mubadala Development Company мен Халықаралық мұнай инвестициялық компаниясының бірігуі - Біріккен Араб Әмірліктері үкіметінің толық инвестициялық құралы болып табылады.