Өткен демалыс күндері Құлсары қаласының екі тұрғынына коронавирусқа жасалған тест оң нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Атырау облысы бойынша шұғыл штаб.
Бұл туралы журналистердің сұрақтарына жауап берген Атырау облысының бас санитарлық дәрігері Темірбек Мұсағалиев айтты. Дереккөздің хабарлауынша, ауысымға түсер алдында жұмысшыларды міндетті тексеру кезінде жергілікті тұрғындар арасында ауру жұқтырған екі жағдай анықталған.
- Қазіргі уақытта Жылыой ауданында инфекцияның жаңа ошақтарын анықтау үшін эпидемиологиялық тексеру жүргізілуде. Жұмысшылардың отбасы мүшелеріне жасалған ПТР-сынамалары теріс нәтиже көрсетті, - деді облыстың бас санитарлық дәрігері.
13 наурыздан 18 мамырға дейінгі аралықта Атырау облысында коронавирус инфекциясына қатысты 29 400 ПТР тест жасалды. Оның ішінде, 17 036 сынама Теңіз кенішінің жұмысшыларына тиесілі.
- Қазіргі уақытта Теңіз кенішінде ТКҚСҚБД-нің 17 эпидемиологы жұмыс істеуде, 20 вахталық қалашықтың санитарлық нормаларға сәйкестігі тексерілді, 17 инфекция ошағы анықталды, - деді Темірбек Мұсағалиев.
Теңіз кен орнында кеніштен шығарылатын, сондай-ақ ауысымға түсетін жұмысшылар арасында міндетті тексеру жүргізілуде. Карантиндік стационарларда 1800-ге жуық жұмысшы бар.