Ауысымдық жұмысқа жіберілмес бұрын қызметкерлерді міндетті түрде тексеруден өткізу өз нәтижесін береді. Өткен демалыс күндері Құлсары қаласының екі тұрғынын коронавирусқа тексерген тест оң нәтиже көрсетті, - деп Атырау облысының бас санитарлық дәрігері вахта жұмысшыларына қатысты болған жағдайға түсініктеме берді.
- Вахтаның алдында ПТР өтуді талап етудің нәтижесі скринингтің қажеттілігін көрсетіп отыр. Демалыс күндері Құлсарыда тұратын екі жұмысшыда аурудың белгісі жоқ, бірақ вирусты жұқтырғаны анықталды. Олардың отбасы мүшелерінің сынамалары әзірге расталған жоқ. Ауысымнан 1-2 мың жұмысшы шығады, скринингтен өтудің арқасында вахта таза. Қазір Жылой ауданында аурудың ошағын анықтау үшін эпидемиологиялық тексеру жүріп жатыр. Ол жерде біздің 17 эпидемиолог мамандарымыз жұмыс жасауда. 20 вахталық қалашық тексерілді, - дейді журналистерге Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ.
13 наурыз бен 18 мамыр аралығында Атырау облысында коронавирустық инфекцияға 29 400 ПТР-тест жасалды, оның 17 036-ы - Теңіз кенішінің жұмысшыларына тиесілі.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Бейнежазбаны түсірген автор