«Теңізшевройл» мен НКОК компаниялары Қазақстанға жаһандық ОПЕК + келісімі бойынша міндеттемелерін орындауға көмектесу үшін өндірісті азайта бастады.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бір апта бұрын үкімет мамыр айынан бастап өндірісті қысқарту туралы қаулы шығарған. Еске салсақ, Қазақстан мұнай өндіруді тәулігіне 390 мың баррельге азайтуға уәде берген болатын. Бұған дейін Энергетика министрлігі орташа, ірі және алып кеніштер санатына жататын кен орындарына қатысты өндірістің шектелетінін мәлімдеді.
Алайда, «Теңізшевройл» да, НКОК та азайту жөнінде ақпарат берген жоқ, тек өндіріс акционерлер бекіткен бизнес-жоспарға сәйкес жүріп жатыр деп мәлімдеді. Энергетика министрлігі тарапынан да нақты мәліметтер болған жоқ.
Reuters агенттігінің ақпаратына сәйкес, «Теңізшевройл» өндіріс көлемін едәуір азайтатындығын мәлімдеді. 14 мамырда Теңіз кенішінде тәулігіне 483 мың баррель мұнай өндірілді, бұл осы жылдың І тоқсанындағы орташа тәуліктік көрсеткіштен 28%-ға төмен. Дәл сол күні Қашағанда 318 мың баррель мұнай өндірілді, бұл әдеттегі деңгейден 17% төмен.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, үкімет Теңіз бен Қашағандағы өндірісті шектеу жөнінде қатаң келіссөздер жүргізген және ол бірнеше аптаға созылды. Нәтижесінде шикі мұнайды экспорттау жоспары қайта қаралды - ТШО төрт, Eni –бір партияны жөнелтпейтін, ал Total, CNPC және Shell де бірнеше экспорттау операцияларын қысқартуға мәжбүр болды. Бұл жоспарланбаған шығын мен тұтынушылармен арадағы келіспеушілікке жеткізуі мүмкін.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА