4 мамырдан бастап облыстың бас санитарлық дәрігері шаштараздың (алдын-ала жазылу арқылы), ал 11 мамырдан бастап сұлулық салонының жұмыс жасауына рұқсат берді. «АЖ» тілшісі ұзақ «каникулдан» соң жұмысқа кіріскен бірнеше шашатаразбен әңгімелесіп көрді.
Нұрлыбек, «Дина» базарында 10 жылдан бері шаш қиюмен айналысады.
-«Дина» базары жабылғанда ол жердің шаштараздары жұмыссыз қалды. Алғашқы он күн үйде демалдым. Кейін тұрақты кленттерім «шашым өсіп кетті» деп хабарласа бастады. Үйімнің бір бөлмесіне айна мен үстел қойып, шаштараз ретінде пайдаландым, – дейді Нұрлыбек. – Әрине, бұл дұрыс емес екенін жақсы білемін, бірақ ақша табу керек болды, оның үстіне тұрақты клиенттерімнің көңілін қайтармайын деп ойладым.
Нұрлыбектің сөзінше, мамыр басталғалы клиенттер саны күрт артқан. Келушілердің көптігінен түнімен жұмыс жасап, күніне 15 адамға дейін қызмет көрсеткен. «Динадағы» әріптестері базардың жақын күндері ашылатынына күмәнді. Сондықтан ондағылар уақытша өзге шаштаразда жұмыс жасауда.
-Базар ашылғанша уақытша Авангард мөлтек ауданындағы көпқабатты үйдің астында орналасқан бір шаштаразбен келістім, ол жерде клиент көп, ал шебер жетіспейді екен. Соған байланысты бағасын да 1000 теңгеден 1500 ге өсіріпті.
...Міне, шахардағы көпшілікке белгілі шаштараздардың бірі. Бағасы әлдеқайда қымбат болса да, тұрақты тұтынушылары бар.
- Біз 4 мамырдан бастап ашылдық. Бізге жазылу бұрыннан онлайн жүзеге асады. «Шаштараздар ашылады» дегенді естіген клиенттеріміз 3 мамырдан бастап жазыла бастады. Сол күні 4 шеберге 50-ге жуық адам жазылған. Кезек 7 мамырдан бастап реттелді, - дейді шаштараз желісінің негізін қалаушы, әрі шебері Ертай ҚАТЖАНОВ.
Оның айтуынша, қазір карантинге байланысты жұмыс уақыты да шектеулі. Әр шебер күніне 6 адамға дейін қызмет көрсетіп үлгереді. Шаштараздар ара қашықтықты сақтау үшін екі залға бөлініп жұмыс жасайды. Келушілерге бетпердемен келу талап етілген.
Атырауда белгілі сұлулық салоны рұқсат етілген 11 мамыр күні ашылды.
- Біз ашылғанда ұзын сонар кезек күткен клиенттер болған жоқ. Онлайн кезеке қойып, таңертең 10:00-ден кешкі 17:00 аралығында жұмыс жасаудамыз. Қыз-келіншектерге қызмет көрсеткендіктен олардың әрқайсысымен жұмыс екі сағат уақыт алады. Барлығынан бетпердемен, қолғаппен келу талап етіліп, жұмыс әдеттегідей жүріп жатыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор және сұхбаттасушылар жолдады