Атырау қаласы әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің азық-түлікке шекті бағаның сақталуын бақылаушы ретінде жұмысы ұзаққа созылмады.
6 сәуір күні үш Министрліктің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылау жөніндегі бірлескен бұйрығына сәйкес ТЖ кезінде қалалық кәсіпкерлік бөлімінің құзыретіне сауда объектілеріне жоспардан тыс тексеру жүргізуді енгізу туралы Атырау қаласы әкімінің өкімі шықты. Бөлімге шекті баға өсірілген жағдайда хаттама толтырып, ұйғарым шығаруға рұқсат берілді. Сауда субъектісі 10 күн ішінде кемшілікті жою туралы ақпарат беруге міндетті болды. Әйтпесе оған ҚР ӘҚБтК 202 бабына сәйкес 100 АЕК (277 800 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Бөлім басшысы Руслан ДӘУЛЕТОВТЫҢ айтуынша, оның қарамағындағы қызметкерлер азық-түлік дүкендерінде осындай бірнеше талап бұзғандарды анықтаған. Бұл ретте дүкен иелері 10 күн өтіп, айыппұл салынғанын күтпестен, бірден бағаны түсіре қойған.
Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін Сауда министрлігіне қазір қалалық кәсіпкерлік бөлімінің бұл өкілеттігі сақтала ма деген сұраныс жіберілді.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Сурет "АЖ" архивінен