Атырау, 22 қараша 08:32
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Жылыойдың соңғы солдаты

4 053 просмотра

Жылыой ауданынан соғысқа 6152 жауынгер  аттанса, елге 2977-і қайтып оралған. Ал бүгін ауданда ҰОС-ның жалғыз ардагері қалды. Ол-Қапес ЫБЫРАЕВ.  Ардагерге 94-ші көктемін өткеріп,  Жеңістің 75 жылдығын қарсы алу бұйырыпты.

Қапес қарт Ыбырайдың жалғыз ұлы. Соғыс басталғанда Қапес 15 жаста болатын.

-Көппен бірге кохозшы әкем Ыбырай да әскер қатарына алынып,  41-де соғысқа аттанды. Әкемді жолға жинаған, шешем  жылап-сықтап шығарып салғаны әлі есімде. Мектепте болғаныммен ауылдағы еркек кіндіктілердің біразы соғысқа кеткенде, біз орындарын басып, колхоздың жұмыстарына араласа бастадық. Анам екеуіміз әкемнен келер хатты күтіп, амандығын тілеп жүрдік, - деп еске алады Қапес қарт.

1942 жылы Ыбырай ауыр жараланып, елге оралды. Бір аяғынан айырылған. 1944 жылы Қапес он сегізге толып, әскер қатарына алынады. Кіші командирлер курсын бітіріп, сержант атанғасын майданға түседі. Украина, Белоруссия, Еуропа елдерін жаудан тазартып, Қиыр Шығыстағы соғысқа қатысты. Елге 1950 жылы оралды. Шоқпартоғай ауылында тұрып, кейін Тұрғызбаға көшіп келді. Қапес ақсақал нағыз майдангерлер секілді соғыс тақырыбын көп қозғағысы келмейді. Сөзге үлкен ұлы Сағын араласты:

-Әкем былайынша әңгімеге жақсы болғанымен, соғыс туралы көп айтқысы келмейді.  Соған қарағанда, көп қиындықты бастан өткерген.

Елге келгесін комсомол комитетіндегі жұмыстарға белсене араласып, кейін ферма, кадр бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етеді . Бастауыш кластың мұғалімі Жұмашпен отау құрып, отбасында бес баланы тәрбиелеп өсірді.  Ол бүгінде жолдасы Жұмаш өмірден озғанымен немересі мен келінінің  қолында. Шөбере өсіп келеді.  Қапес аға бәрімізге денсаулық, жарқын болашақ пен ел тыныштығын тілегенде, көзімізге еріксіз жас келді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

10 мамыр 2020, 15:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.