Атырау, 26 сәуір 19:41
 ашықВ Атырау +18
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Такси жүргізушілері, Шарапов және озбыр "отағалар"

Сурет Бейнежазба
5 174 просмотра

Атырауда бұрынғыша сағат 21:00-ден 06:00-ге дейін азаматтар мен көлік құралдарының қозғалысына салынған толық тыйым (кейбір жеңілдіктерді қоспағанда) қолданыста, бұл тыйымды бұзушылар әлі де көп. «AЖ» тілшісі полиция қызметкерлерімен бірге түрлі көрініске толы кешкі-түнгі рейдке қатысты.

Рейд кешкі сағат тоғыз жарымдарда «Ақ Жайық» қонақ үйінің маңынан басталды. Полицейлер Тoyota Land Cruiser Prado көлігін тоқтатты. Жүргізушінің айтуынша, кішкентай ұлы ауырып тұрған соң облыстық балалар ауруханаға апара жатыр екен. Шынымен де, балалар креслосында кішкентай бала, жанында анасы отырды. Полицейлер оның сөзінің дұрыстығын жол бойында басқа да патрульдердің тексеретіндігін ескертіп, өткізіп жіберді.

Екінші «Прадо» көлігінде әйел отырды. Ол ауызашардан келе жатқанын айтты. Өкінішке орай, бұл ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 476-бабы (ТЖ режимін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершіліктен босатпайды. Полицейлерден осы сөзді естіген әйел «органдардағы» таныстарына қоңырау шалып, полицейлерге тұтқаны берді. Бірақ ол әрекетінен түк шықпады.

Баймұханов-Амандосов қиылысында ЖПҚ қызметкерлері ресейлік нөмірі бар Daewoo Matiz көлігін тоқтатты. Жүргізуші әйелден ішімдік иісі шығып тұрды. Сәл кейінірек наркологияда ішімдік ішудің орташа дәрежесі анықталды. Хаттама 476-бап бойынша ғана емес, 608-бап  өлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару) бойынша да толтырылады. Ал бұл жүргізуші куәлігін 7 жылға айырады деген сөз.

- Айтпақшы, осы аптада біздің қызметкерлер MERCEDES BENZ 124 көлігін тоқтатты. Жүргізуші әйел мас күйде болды, әрі жол-көлік апатын жасады. Әйелдің төрт баласы бар екен. Сонда жауапкершілік қайда? Бір үйдің отанасы, отбасы ұйытқысы емес пе! – деді полицейлердің бірі ашуланып.


«ОСКАРҒА» ЛАЙЫҚТЫ

Түн ортасына ауған шақта Огородный маңынан Opel көлігін тоқтатты, рөлде 27 жастағы Асылбек есімді жүргізуші отырды. Ол теміржол қызметкері екен, қолында сағат 21.00-ден кейін жүруге болады деген анықтамасы бар. Бірақ көлік ішінде екі жолаушы отырды. Асылбектің айтуынша, Ербол есімді жолаушы інісі, ал екіншісі тепловоз машинисі екен.

- Есіміңіз кім?- деп сұрады жол-патрульдік қызметі батальоны командирінің орынбасары Ерлан Қабесов «Ерболдан».

- Ернар, - деп жауап берді ол.  

- Асылбекке кім болып келесіз?

- Ол менің немерелес ағам.

- Қалай немерелес?

- (Үзілістен кейін). Анам жағынан туыспыз.

- Оның анасының – нағашы апаңыздың есімі кім?

Диалогқа Асылбек араласты:

- Ол «Ақ мама» деп атайды.

- Бірақ ол нағашы апасының есімін білуі керек қой.

- Мен оны жай «Ақ мама» деп атаймын! – деп айқайлап жіберді «Ербол».

...- Кете беруімізге бола ма? – деп абайлап сұрады Асылбек.

- Кете беріңдер, - деп Қабесов оларды жіберіп қойды.

Әрі қарайғы көрініс «Кездесу орнын өзгертуге болмайды» деген фильмдегі эпизодты еске түсірді. Жегловтың Ручечникті босатып: «Шарапов, өткізіп жібер» деп, ақырын дауыспен «Автобусқа дейін» дегені естеріңізде болар.

Біз басқа көшеге шықтық, ал Қабесов өзінің жай киімдегі қызметкеріне Самал ықшамауданына 2 мың теңгеге Indriver арқылы такси шақыруды тапсырды. Бірақ ол жерде бағаны 5200-ге дейін көтерді, шамасы, тәуекелге баратыны үшін. Жарайды, солай болсын. Арада он минут өткенде «тапсырыс берушінің» қасына Opel көлігімен Асылбек келіп тоқтады. «Жолаушысын» мінгізіп, сәл жүргеннен кейін оны полицейлер тоқтататты. Қабесов көлікке жақындаған кездегі Асылбектің түрін көрсеңіздер...

- Асылбек, сіз бүгін «Оскарға» лайықсыз! Жарайсыз! Енді менің серіктесім де туысыңыз болды ма? – деді Қабесов оны келекелеп.

Ал жолы болмаған Асылбек күлетіндей жағдайда емес еді. Оны ҚПБ-ға алып кетті. Оған 476-бап бойынша жаза кесілері сөзсіз, яғни, ірі көлемде айыппұл салынады немесе әкімшілік қамауға алынады.


ОТБАСЫНДАҒЫ «БАТЫР»

«АЖ» бұдан бұрын Атырауда карантин кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жиілеп кеткенін хабарлаған еді. Тек сәуірдің өзінде 102 пультіне отбасылық жанжал мен тыныштықты бұзуға қатысты 500-ге жуық шақырту түсті. Бірақ зардап шеккен әйелдер, әдетте, арыз жазудан бас тартады. Сөйтіп полицейлерден жай ғана ескерту жасауын өтінеді. Осы рейд барысында 102-ге Жилгородоктан бір әйел қоңырау шалды: күйеуі ішіп алып, отбасының берекетін алып жатыр екен.

40 жастағы Олег полицейлерді ішкиімшең, балағат сөздермен қарсы алды. Оны көлікке әзер отырғызып, наркологиялық диспансерге алып кетті. Дегенмен оның ішімдікке әбден тойып алғанын анықтау үшін маман болудың қажеті жоқ.

Сол кешкі-түнгі рейдте полицейлер 30-дан астам көлік пен жаяу жүрген бірнеше азаматты ұстады. Бәрі түрлі себеп айтқанмен, ешқайсысында дәлелді себеп болмады.

...Әрине, карантиндік шектеулерден бәріміз де шаршап кеттік. Бірақ әлі де шыдауымыз керек. Жақында Президент егер ахуал нашарламаса, 11 мамырда Қазақстандағы төтенше жағдайды алып тастайтындығын, «алайда карантин режимімен байланысты шаралар сақталатындығын» мәлімдеді. Онша түсінікті емес, бірақ не болатынын алда көрерміз...

Фархат ӘБІЛОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

10 мамыр 2020, 14:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.