Атырау, 27 сәуір 05:55
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Науқастың кесірі тиді

3 686 просмотра

Индер ауданы Аққала ауылында жүйке ауруына шалдыққан жас жігіттің ерсі қылығына зәрезап болған тұрғындардың реніші туралы жазғанбыз. Одан әсіресе, балалар қатты қорқады. Ал 27-сәуірде оның ағасымен бірге тұратын лашығы өртенді. Соның салдарынан жарлас орналасқан екі отбасы жапа шекті.

- Бұрын бұл жерде пошта болған, кейін оны  жауып, ауыл тұрғындарына пәтер ретінде бөліп берді. Мұнда алты отбасы тұрады, - дейді ауыл тұрғыны Қалампыр АЛПАЕВА. - Бұл үйде бізбен қоңсы ағайынды Өтегеновтер тұрады, ата-анасы қайтыс болған. Ағайынды екі жігіттің кішісі Жарас өз ісіне есеп бере алмайды, ақыл-есі кем. Үйіміз жапсарлас орналасқандықтан, өрт шығарып жібере ме деп үрейленіп отырамыз. Ақыры солай болды... Қабырғалар күйіп, шатыр жартылай жанып кетті. Бізбен қатар көрші Амангелді аға да зардап шекті. Өрт сөндірушілер болмағанда, алты отбасы түгел қаңғып далада қалатын едік.

Ауыл тұрғындары жүйке ауруына шалдыққан адамды бір-екі айға ғана уақытша психикалық ауруханаға жатқызып, кейін үйіне жіберетініне наразы.

- Оған туған ағасы қарай алмайды, себебі ол да науқас. Әйтеуір үлкені сабырлы, ал кішісі балаларды қуып кетеді болмаса қолына не  түссе, соны лақтырады. Сондықтан одан бала түгілі үлкендер де қорқады, - дейді аққалалықтар.

Көршілерінің айтуынша сол күні Жарас үйінде қағаз өртеген, кейін ол қатты жалынға айналғасын өзі қашып кеткен. Оны полиция ұстап, облыстық жүйке аурулар ауруханасына жатқызды.

Индер ауданының психиатр дәрігері Ханбибі БАКЕНОВА:

- Негізі олар үшеу болатын, 36 жастағы үлкен әпкесі бар, ол жүйке сырқатына шалдығуына байланысты Сарайшық психиатриялық жүйке аурулар интернатында. Оның 34 және 28 жастағы екі інісі бар, екеуі де бізде есепте тұр.  Үлкенінің орта дәрежедегі ақыл-есінің ауытқушылығы бар, өздігінен өмір сүре алады, ал кішісі өзін-өзі ұстай алмайды. Өрт оқиғасынан кейін оны облыстық жүйке аурулар ауруханасына жатқызды. Бірақ ем-домы толық біткесін ол кері үйіне жіберіледі. Жүйке ауруына шалдыққан науқастарға арналған Сарайшықтағы интернатқа орналастырған дұрыс болар еді, бірақ онда адам толық.

Ал Жылыой ауданы Құлсары қаласынан науқастарға арналған Сарайшықтағыдай мекеме ашылады дегеніне біраз уақыт  өтті.

- Бірнеше жылдап кезек күтіп тұрғандар бар. Бірақ оларды орналастыратын орын жоқ, - дейді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік ҚАМИДОЛЛА. – Құлсарыдағы бұрынғы түберкулезге қарсы күрес ауруханасын арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығы етіп қайта жаңарту үшін сметалық құжаты енді ғана жасалып, сараптамаға жіберілді. Ол қорғалғаннан кейін барып, қаржы мәселесі қаралады.

 

ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ КӨМЕК БЕРІЛЕ МЕ?

Өртенген үйлерді қайта қалпына келтіру керек. Науқас адамнан не сұраймыз деп, өрттен жапа шеккендер ауылдық әкімдіктен көмек сұрайды. 

–Біз оларды жақсы түсініп отырмыз. Қазір қажетті құжатты жинап, олардың жөндеуіне атсалысамыз. Ағайынды екі жігіттің бірі Жарылқасын тіптен далада қалды. Оны уақытша бір үйге орналастырдық. Рамазан айында Елтай мен Аққала ауылының тұрғындары қол ұшын беріп, ауладан бір үй салып алатын ақша жинады, - дейді Елтай оругінің әкімі Ербол ДҮЙШІМ.

Ал кіші інісінің мәселесі әзір шешілмейтін түрі бар...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА 

Суреттерді түсірген автор

9 мамыр 2020, 01:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.