«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Директорлар кеңесінің шетелдік мүшелеріне ақшалай сыйақы беру туралы ақпарат пайда болды. Бұл деректер компанияның 2019 жылға жасалған жылдық есебінде жарияланды.
Қазір кеңестің 9 мүшесі бар: Қазақстанның 3 азаматы (Алик Айдарбаев, Ұзақбай Қарабалин және Алмасадам Сәтқалиев), Ұлыбританияның 4 азаматы (Уолтон Кристофер Джон, Энтони Эспина, Уайт Стивен Джеймс және Дайер Филип Джон), Малайзия (Грюал Балжит Каур) және Португалияның (Луис Мария Виана Палья да Силва) азаматтары.
Есепте 2016 жылдан бастап Директорлар кеңесінің мүшелеріне сыйақы белгілеу тәртібі бекітілгені көрсетілген.
Кестеге сәйкес, 2019 жылы кеңес мүшесі болғаны үшін шетелдік тәуелсіз директорлар жылына 91 мыңнан 150 мың долларға дейін, ал Қарабалин – 18,2 млн теңге сыйақы алған.
Бұдан басқа, оларға төрағалық еткені, комитет мүшелігінде болғаны үшін және тіпті отырыстарға қатысса да қосымша ақы төленеді. Мысалы, Уолтон Кристофер Джон өткен жылы жалпы алғанда 370 мың доллар, Уайт Стивен Джеймс – 242 977 доллар, жалғыз әйел Грюал Балжит Каур – 267 000 доллар және т.б. алды. Бұдан бөлек бұл әйелге және Джон Энтони Эспинеге директорлар кеңесінің төрағасы өткізуді тапсырған кеңес-кездесудің бір күнде бір отырыс деп есептегенде әр отырысына қатысқаны үшін 2 мың доллардан төленеді.
Есепте көрсетілгендей, «сыйақы деңгейі компания үшін қажетті құзыреттілігі мен біліктілігі бар тұлғаларды тарту, ынталандыру және ұстап қалу үшін жеткілікті болуы тиіс».
Мүмкін, осындай қомақты салымдарды ақтау керек шығар, өйткені 2019 жылы директорлар кеңесі 18 отырыс өткізіп, онда 307 мәселе қаралды. ҚМГ даму стратегиясына, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, инвестициялық жобаларды басқаруға, корпоративтік басқаруды жетілдіруге, ішкі аудитке, менеджмент қызметінің негізгі көрсеткіштерін әзірлеуге, сондай-ақ қызметкерлердің қауіпсіздігі мен әл-ауқаты мәселелеріне ерекше назар аударды.
Осылайша, осының барлығына компания 2019 жылы 565 миллионнан астам теңге бөлді.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА