Атырау облысы бойынша жедел штаб мәліметтеріндегі сәйкессіздік туралы «Теңіздегі коронавирус: бесеуін жазсақ, екеуі ойда ма?» атты мақаламызға жауап келді.
«Ақ Жайық» редакциясына арналған жедел штабтың хабарламасы.
Қазір Атырау облысындағы Төтенше жағдайлар режимін қамтамасыз ету жөніндегі жедел штабтың Covid-19 жұқтырудың жаңа фактілері туралы барлық деректері Мемлекеттік комиссияның жедел штабының мәліметтерімен толық сәйкес келіп тұр.
2 мамырда аймақтық жедел штабтың ресми сайтында контент-менеджердің қателігінен ақпарат ерте жарияланған, осыған байланысты кейбір БАҚ-тар сандарды шатастырып алған.
Қазір Атырау облысында инфекция жұқтырған және емделіп шыққан адамдар туралы барлық деректер Мемкомиссияның жедел штабының мәліметтерімен сәйкес келеді».
Сондай-ақ, біз кеше жергілікті штаб сайтынан вахталық қалашықтардың (компаниялардың) атаулары мен вирус жұқтырғандардың саны көрсетілген кесте мен есептегіш жоғалып кеткенін жаздық. Неге деп сұрағанымызда, «мезгіл-мезгіл сандар өзгеріп тұрады, сондықтан» деп жауап берді штабта.