Біз өз үйімізде оқшауланып отырып, көңіліміз толмай жатады. Ал кейбіреулер үшін қамауда отырудың ең жаманы бұл емес. Тергеу абақтысынан (УГ-157/1 мекемесі) Исатай ауданы Аққыстау ауылының тұрғыны 31 жастағы Әлібек (есімі өзгертілді) босап шықты. Бостандыққа шығар алдындағы оның соңғы сәттері «АЖ» репортажында.
Әлібек 2018 жылдың мамыр айында өзге адамдармен бірігіп жеке үйді тонап, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілген. Сот үкіміне сәйкес, ол ай сайын жергілікті пробация қызметіне келіп, тіркеліп тұруы тиіс еді. Бастапқысында бұл талапты орындап, кейін келмей қойған. Сол үшін өткен жылы Исатай аудандық соты оған қалған мерзімін бас бостандығынан айыру мекемесінде өтеуге үкім шығарды.
ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексіне сай, егер жасаған қылмысы ауыр және жаза өтеу мерзімі 5 жылдан аспаса, сотталушы жазасын тергеу абақтысының шаруашылық бөлімінде өтей алады. Осылайша Әлібек тергеу абақтысында ас үй қызметкері болған.
- Бүгін бостандыққа осы жігітіміз шығады, - деп бізге Әлібекті тәрбие бөлімінің басшысы Қаламқас ӘШІРХАН таныстырды. – Момын, өз жұмысын адал әрі ұқыптылықпен атқаратын жігіт. Бұл жерден мерзімінен бұрын босатылғанына қуаныштымыз.
- Әрине, жасаған қылмысым ақымақтық болды. Осы жерде көп нәрсені түсіндім. Көп нәрсені ой елегінен өткізіп, өткенге өкінішпен әрі сағынышпен қарайсың, - дейді Әлібек. Әңгімелесіп отыратын уақыт жоқ, ол бұл жердегі шаруалардың бәрін аяқтап, тезірек шығып кетуге асықты. Абақтыдағы арнайы киімді шешіп, осы уақытқа дейін «каптеркада» сақталған өзінің трикосы мен курткасын киді. Одан кейін арнайы есеп бөлімінің бастығы Гүлбаршын ХАБДИБУЛЛИНАҒА барып, қажетті қағаздарды толтырып, жеке құжаттарын алды.
Атырау қаласында жарияланған карантинге байланысты бостандыққа шығатын қалада тұрмайтын азаматтарға бөгет бекеттен өтетін арнайы рұқсат қағазы беріледі.
Әлібек өзімен бірге абақтыда отырғандармен қоштасты.
- Енді өзіңді сақтап, қателікке ұрынба, - деп ақылын айтты қарт сотталған.
Әрі қарай қызметтік көлікке отырып, Атырау-Астрахань тас жолында орналасқан бөгет бекетке жол тарттық.
- Қала өзгеріпті, бірақ мына Астраханның тас жолы мүлде өзгермепті, - деп күлді Әлібек.
- Әлібек бостандыққа мерзімінен бұрын шығып жатыр. Ол жалақысын жинап, өзінің осы мекемедегі қалған күндерін сатып алды – оның жағдайында мұндай жолдар заңмен қарастырылған. Тіпті үйінен де ақша сұраған жоқ, - дейді Қаламқас Әшірхан.
- Әлібек, үйге барған соң не істейсің?-деп сұрадым.
- Отбасымды құшағыма алып, сосын жұмыс іздеймін, - деп жауап берді.
Бекеттен Әлібек кедергісіз өтті. Ар жағында оны көлікпен келген достары күтіп тұрды. Кездесу өте әсерлі болды...
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген Айдар ҚАРАБАЛАЕВ