Атырау қаласының ТКШ бөлімі жалпы сомасы 39 млн теңгеге 5 қоғамдық дәретхана сатып алды. Мемлекеттік сатып алу сайтында тендер 2019 жылдың аяғында өткізілгені туралы ақпарат бар – біреуін 7 795 200 теңгеге бағалаған «Аврора KZ» ЖШС жеңімпаз атанған.
Техникалық ерекшелікке сәйкес объект (модульдік павильон) жабық үлгідегі санитарлық-техникалық құралдармен жабдықталған құрылыс болып табылады. Санитарлық бір бөлме мүгедектерге арналған құралмен жабдықталып, арбамен кіру үшін пандус қарастырылған. Пайдалану температурасы Цельсий бойынша + 40-тан -40 градусқа дейін.
Объектілердің сыртқы есіктері болаттан жасалған, жарығы, унитаз, раковина, сабынға арналған дозатор және айнасы бар. Кепілдік пайдалану мерзімі – 1 жыл.
Алғашқы дәретханалар Жеңіс саябағында және Исатай мен Махамбет алаңында орнатылады деді қалалық ТКШ бөлімінде. Қалған үшеуіне орын әлі белгіленген жоқ.
Жалпы, жақында әлеуметтік желіде тараған дәретхана туралы ақпарат пайдаланушылардың жүйкесін қоздырып, қызығушылығын тудырды – иә, қымбаттау «орын» екен, мүмкін, тағы біреу-міреу қалтасын қампайтатын шығар! Қалалық ТКШ сабырға шақырды. Қаржы бойынша барлығы нақты есептелген: құжат дайындау, электр желісін орнатып қосу, салық және банк комиссиясы – дәлме-дәл келіп тұр.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА