Атырау, 22 қараша 08:11
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Толик қайта оралды

4 997 просмотра

«Құлдықта» болған шымкенттік мүгедек Анатолий САЯПИН Атыраудан туған өлкесіне кеткеннен кейін осы оқиға аяқталғандай болған еді. Алайда биылғы жылдың мамыр айында ол Атырауға кері оралып, өзінің айтуынша бұрынғы «кәсібін» жалғастырды, яғни «Дина» базарының маңында қайыр сұрап отыр.

Жалпы оқиға барысын баяндап көрелік. Тура бір жыл бұрын жанашыр адамдар көшеде өтіп бара жатып, арбада қайыр сұрап отырған мүгедектің «бір әйел қызымен бірге мені құлдықта ұстап, қайыр сұратып, ақшаны өзі алып отыр» дегенін бейнежазбаға түсіріп алған еді. Бұл оқиға дүйім жұртты дүрліктіріп, ақыр аяғында полиция ҚР ҚК 126  бабымен («Заңсыз бас бостандығынан айыру») қылмыстық іс көтеріп, Саяпинді  «Өмірлік қиын жағдайға түскен адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығына» орналастырды. «АЖ» тілшісімен әңгімесінде ол туғаннан аяқтары жоқ мүгедек екенін, 10 жасында анасы мүгедектерге арналған интернат үйіне тапсырып жібергенін айтты. Есейе келе Шымкентте қайыр сұрап жүрген. Кейін тағдырдың жазуымен Атырауға келіп, баяғы әдетінше ақша тауып жүрді.  

Әлеуметтік бейімдеу орталығынан оны Қарттар үйіне жіберді, бір-екі айдан кейін Анатолий ол жерден өз еркімен пойыз арқылы Шымкентке кеткен болатын. Енді міне, өткен айда ол «Динаға» кері оралды.

- Шымкентке барып едім, маған ол жерде ешкім көмектесе алмады. Мүгедектер интернатына орналасу үшін менен жолдама сұрады. Сол үшін кері Атырауға келіп, карантинге тап болдым. Қала жабық, мемлекеттік органдар жұмыс жасамайды. Шынымды айтсам, Шымкентке кеткім келмей қалды, - дейді Анатолий САЯПИН. - Енді Атырауда боламын. Қайтадан өз кәсібіме кірістім.

- Қазір қайда тұрасыз?

- «Мұрагер» базары маңынан жалдайтын пәтер таптым.

Бұл маңдағы саудагерлер қазір Толикті бұрын құлдықта ұстаған емес, басқа әйел әкеліп жүргенін айтады.

Біз бір жыл бұрынғы істің соңы немен аяқталғанын білу үшін Полиция департаментіне жолықтық. Белгілі болғандай, Анатолий бейнежазбада айтылған сөздерінен бас тартқан.  Ал, арызда көрсетілген әйел оның ресми қамқоршысы болып шықты.

- Тергеп тексеру кезінде арызданушының бас бостандығынан айыру фактісі дәлелденбеді. ҚР ҚПК 35-бабының негізінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп тексеру тоқтатылды, - деп хабарлады ПД. 

Фархат ӘБІЛОВ

3 мамыр 2020, 17:25

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.