Беларусь президенті Александр Лукашенко коронавирус пандемиясы үшін 9 мамырда ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай өтетін әскери парадты кейінге қалдыра алмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Белта" агенттігіне сілтеме жасап.
"Біз парадты кейінге қалдыра алмаймыз. Мен ұзақ ойландым. Әрине, бұл - эмоция, идеология жағынан өте маңызды дүние. Біз оларды (ұлы Отан соғысына қатысушыларды – автор) ұмытпауымыз керек. Олар вирустан немесе басқа аурудан көз жұмған шығар. Олар біз үшін өмірін қиды. Ойлаңыздаршы, адамдар не дейді? Бірден айтпаса да біраз уақыттан соң "олар қорқып қалды деуі" мүмкін", - дейді мемлекет басшысы жиналыста.
Сондай-ақ президент шараға ешкімді күштеп әкелмеу қажетін ескертті.
"Адамдар қаламаса, қорықса, денсаулығын ойласа – біз оны түсінеміз. Барғысы келетіндер жеткілікті", - деді Александр Лукашенко.
Мемлекет басшысы ұлы Отан соғысының ардагерлері жыл сайын азайып бара жатқанын да атап өтті.
"Соғыс ардаргерлері аз. Олар бізді түсінеді. Біз оларды қорғауымыз керек. Олар осы шараға әкелуімізді сұрады ғой. Олардың жасы 90-нан асты. Не істейтінімізді тағы ойналанамыз. Мен "қарияларды қорғауымыз керек" деген тактиканы ұстанамын. Біз бұл инфекция алдымен қарияларға жабысатынын көріп отырмыз. Бірақ жастар да ауырып жатыр. Сондықтан ауқымды шараға ешкімді әкелудің қажеті жоқ", - деді президенті.
Айта кетейік, Беларуссияда коронавирус жұқтырғандардың саны 15 828-ге жетті. 3117 науқас жазылды, 97 адам қайтыс болды.
Дереккөз: Tengrinews.kz