Атырау, 5 мамыр 07:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +12
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

​Теңіз кенішіндегі ахуал туралы

5 555 просмотра

Бүгін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов Теңіз кенішіндегі ахуалға қатысты жедел селекторлық жиын өткізді, деп хабарлайды Өңірлік Коммуникациялар Қызметі. 

Аймақ басшысы қазіргі уақытта еліміздің күрделі жағдайды бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Коронавирус инфекциясының салдары мен әлемде мұнай бағасының құлдырауы экономикаға кері әсерін тигізуде. 

- Бірақ, мұның барлығы уақытша қиындықтар. Күрделі жағдайға қарамастан, жұмысты жалғастыруымыз керек. Теңіз кенішіндегі ахуал бойынша өткен аптаның басында арнайы комиссия құрдық. Оған төрағалық ететін орынбасарым Серік Шәпкенов сол күні Теңіз кенішіне барып, әлі күнге дейін сонда жұмыс істеп жатыр. Комиссияның басты мақсаты - кеніштегі жұмысшылардың қауіпсіздігін сақтап, өңірлеріне жеткізуді ұйымдастыру, — деп атап өтті Махамбет Досмұхамбетов. 

- Осы күнге дейін Теңіз кенішінен 12 мыңға жуық жұмысшы шығарылып, тұрғылықты мекен-жайларына жеткізілген. Ол жерден  шығар алдында әрбір жұмысшыға COVID-19-ды анықтайтын сынама-тест жасалып, өз өңіріне инфекциядан таза болса ғана жіберіледі. Шығарылғандардың 3000-ға жуығы Атырау облысының тұрғындары, - деп атап өтті Теңізден тікелей байланысқа шыққан облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік  Шәпкенов.

Теңіз кенішінде орналасқан бірнеше вахталық қалашықтардың жатақханасында тұратын 82 жұмысшыдан коронавирус инфекциясы табылған. Олармен байланыста болған 1674 жұмысшы  анықталып, сол бойда оқшауланған. 

- Әр вахталық қалашықта тұрақты дезинфекциялау жұмыстары жүргізілуде. Карантин талабына сәйкес, әр вахталық қалашық арасында өзара қатынауға шектеу қойылды. Теңіз кенішіне қатынайтын жолдарға төрт бөгет бекет орнатылды. Айналма дала жолдары да бақылауда. Карантиндік аймақта полиция, қауіпсіздік қызметінен құрылған патруль жұмыс істеп жатыр,- деп нақтылады Серік Шәпкенов. 

Ал "Теңізшевройл" компаниясының бас директоры Имер Боннер екі айдан бері компанияның жергілікті атқарушы органдармен, төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл штабпен, санитарлық қызметпен тығыз байланыста жұмыс атқарып жатқанын атап өтті. 

- Компанияның өндірістік қызметі штаттық режимде жалғасуда. Бекітілген кесте бойынша, қызметкерлерді кеніш аумағынан шығарудамыз. 1 мамыр күні кешке Теңіз аумағынан шығарылғандар саны 13 мың адамға дейін жетуі тиіс. Еңбек ақысын төлеуге байланысты наурыз айында стратегия қабылданды. 

Барлық қызметкерлер бұл мәліметпен танысты. Шығарылып жатқан жұмысшыларға ҚР Еңбек заңнамасына және ұжымдық шартқа сәйкес  өтемақы төленеді. Яғни кеніш аумағынан шығарылған жұмысшыларға орташа жалақы көлемінде өтемақы беріледі. Ал, өндіріс басында қалғандар үшін жалақы 1,5 есе көлемінде көбейтіледі, - деді Имер Боннер.

Оның айтуынша, Теңіз кенішінде өндіріс жұмыстары қалыпты режимде жүріп жатыр. Жұмыс жалғасады. Кей өндірістік жұмыстардың уақыты кейінге шегерілді. Келесі аптаның соңына дейін Теңіз кеніші аумағынан 17 мың адам шығарылады. 
Өндірістік аймақта бір апта болып оралған Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Темірбек Мұсағалиев күн сайын кемінде бес адамнан қауіпті індет табылып жатқанын атап өтті. Дегенмен, жағдай бақылауда. Теңізде шығып жатқан жаңа инфекция ошақтарын ауыздықтау және зарарсыздандыру бағытындағы жұмыстар жедел жүргізіліп жатыр. 

- Атап өтерлігі, кеніштегі жұмысшыларды шығару жоспар бойынша әрі белгіленген алгортимге сәйкес жүріп жатыр. Ұшақтарды, автобустарды тұрақты залалсыздандыру, адамдарды шахматтық үлгіде орналастыру сияқты шаралар індетті жұқтырып алу қаупін төмендетуде, - деді Темірбек Мұсағалиев.

Сондай-ақ ол жұмысшыларды шығару уақытын жеделдете отырып, Теңіз кенішін бір сәтте толықтай дезинфекциялау арқылы, таза аймақ құруға жұмыстану қажеттігіне де тоқталды.  Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы екі айдан бері  "Теңізшевройл" жұмысшыларын шығару мәселесі жан-жақты талқыланып, түзілген жоспарға сай жұмыс жүріп жатқанына тоқталды. Сосын профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып кеніш жұмысшыларын шығару және коронавирус инфекциясының таралып кетпеуіне қатысты жұмысты күшейтуге қатысты бірқатар нақты міндеттер жүктеді. 

- Жағдайды мұқият бақылауда ұстаңыздар. Орынбасарларыма,  "Теңізшевройл" басшылығына қызметкерлерді шығаруды тиянақты аяқтауды тапсырамын. Жұмыс орындарының қысқармауын және жұмысшылардың еңбекақысының сақталуын басты назарда ұстаңыздар,- деді Махамбет Досмұхамбетов.


2 мамыр 2020, 01:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.