Құрманғазы ауданы Мақаш ауылының тұрғыны Сәрсенбай Кенжеғалиев өзінің аяқ астынан ауыр науқастанып қалған кенже ұлы Жәнібек Отаровтың бүйрегін шұғыл түрде ауыстыру қажеттігін айтады. Ол үшін донорлық бүйрек қажет. Мұндай отаны жасатуға дәл қазір қаражат жағы қолбайлау болып отырған жайы бар. Ал Жәнібекке бүйрек ауыстыру үшін 45 мың доллар ауадай қажет болып тұр. Жәнібектің бүйрегі 2009 жылдың сәуір айында істен шыққан болатын. Содан бері әке-шешесінің көз алдында қиналыста жүр. Бүгінде оның диагнозын анықтатуға бармаған, қаралмаған жері жоқ. Жақында Алматыдағы «Ақсай» ауруханасында үш ай жатып келді. Қазір Атырау облыстық ауруханасына әлсін-әлсін барып қаралып тұрады. Жасанды бүйрек аппараты көмегінсіз оның халі мүшкіл. Дәрігерлер Жәнібекке созылмалы бүйрек ауруы деген диагноз қойып отыр. Және сырқатының жалғыз емі – донорлық бүйрек трансплантациясы. Бұл отаны Пәкістанда жасайды екен. Жәнібектің әкесі ұлының дәрігердің үнемі бақылауында болуы керектігін ескеріп, ауылдағы үйін сатып, қалаға қарай көшіп келуге мәжбүр болды. Қазір Жұмыскер ауылында пәтер жалдап тұрады.
- «Құрманғазы ауданы 600 мың теңгедей жинап берді, сау болсын. Балам бір ай ішінде қабылдайтын дәрісі 150 мың теңгеге шығады. Баламның ауруы күннен-күнге жаныма батқасын, сіздің редакцияға келіп, халықтан көмек сұрап отырмын. Ендігі бар үмітім сіздерде – демеуші жұрт, ағайын! Балам аптасына үш рет аппаратқа түседі. Сіздерден үмітімді үзбеймін...», - дейді амалы таусылған қамқоршы әке. Мүмкін, қаладағы ірі компаниялардан да бір көмек бола ма деген үміті де жоқ емес. Олай болса, Жәнібекке қол созған жандар тезірек табылып, үміт сәулесі жағылатын күн туса екен дейміз.
Жәнібек Отаровқа қаржылай көмек көрсетемін деушілер үшін:
Есеп-шот
«БТА Банкі» АҚ ЕҰ филиалы - «Темірбанк» АҚ, Атырау қаласы
Код 190201125 БИК 191201716
СТН/РНН 150100006498
р/с 101711203
Шот нөмірі: KZ2478005R0691883001
Ақшаны алушы: баланың әкесі Кенжеғалиев Сәрсенбай Отарұлы
СТН/РНН 150310310101
Байланыс телефондары: 8 701 159 13 78, 8 702 953 32 69