Атырау облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Т.Мұсағалиев өз қаулысымен Атыраудағы карантин және шектеу шараларын 11 мамыр сағат 07.00-ге дейін ұзартты. Бірақ қаулыда жеңілдетілген өзгерістер де бар. Атап айтқанда, қала тұрғындарына балалармен бірге алаңда серуендеуге және демалыс күндері саяжайға баруға рұқсат етілді.
Бау-бақша және саяжай учаскелерінің иелері үшін:
1) белгіленген карантин аймағында орналасқан саяжай учаскесіне (учаскелеріне) сенбі және жексенбі күндері сағат 06:00-ден 09:00-ге дейін және 17:00-ден 20:00-ге дейін барып келуге рұқсат етіледі.
2) кедергісіз қозғалыс үшін:
- саяжайдағы бау-бақша үшін пайдаланылатын жер телімінің меншік құқығын растайтын құжат (меншік иесі туралы ақпарат, жергілікті атқарушы органның шешімі, мемлекеттік акт) көрсетесіз.
- Жалға алушылар жер учаскесін, үй құрылысын жалға алу келісімшартын ұсыну қажет.
- Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, бір саяжай шаруашылығына ересек екі адамға баруға рұқсат етіледі.
- Бағбан кітапшасын (мүшелік билетін) көрсетіп жеңіл және жүк көлігімен, сондай-ақ, әкімдік ұйымдастырған автобуспен жүруге болады. Бағбан кітапшасында (мүшелік билетінде) кооператив (қоғам) төрағасының қолы болуы керек.
Саяжай учаскесіне бөгде адамдарды қонаққа шақырып, демалыс ұйымдастыруға үзілді-кесілді тыйым салынады.
Балалардың ойын алаңдарында:
1) балаларға ата-аналарымен бірге сағат 10:00-ден 12:00-ге дейін, 17:00-ден 20:00-ге дейін үй аумағында (ойын алаңдарында) санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды (маскалар мен антисептиктер) сақтап, тұрғылықты жерден 200 метрден аспайтын қашықтықта серуендеуге рұқсат етіледі;
2) Атырау қаласының әкімдігі ПИК-термен және басқарушы компаниялармен бірлесіп, балалардың ойын алаңдарын дезинфекциялауды қамтамасыз етсін.
Сонымен қатар, бас санитарлық дәрігер эпидемиологиялық ахуал нашарлаған жағдайда карантин шараларын күшейтуі мүмкін.