Ресейде жұмыссыз апта мерзімі 12 мамырға дейін созылады. Бұл туралы коронавирусқа байланысты үкімет және аймақ басшыларымен жиналыс өткізген Ресей президенті Владимир Путин мәлімдеді. Путин елде коронавирус ахуалы тұрақталды, бірақ қауіпті кезең әлі алда деп санайды.
Азаматтар ережелерді неғұрлым қатаң сақтаса, соғұрлым жылдам қалыпты өмірге оралады деді президент.
"Шарықтау шегі әлі болған жоқ. Эпидемияның ең күрделі кезеңіне таядық" деді Путин.
28 сәуір күнгі отырыста ол сонымен бірге 5 мамырға дейін үкімет оқшаулау режимінен біртіндеп шығу жоспарын дайындайды деп айтты. Бірақ кейбір аймақтарда қатаң шектеу шаралары 11 мамырдан кейін де күшінде қалуы мүмкін деді.
Путиннің сөзіне қарағанда коронавирус індеті кәсіпкерлерге ауыр тиген. Осыған орай президент үкіметке ел экономикасын қалыпқа келтіруге мүмкіндік беретін жаңа жоспар әзірлеуді тапсырды.
Сәуір айының басында президент халыққа мәлімдеме жасап, азаматтарды оқшаулау режимін сақтауға шақырған еді және алдағы екі-үш аптаның ең шешуші кезең болатынын айтқан.
"Бәрі өтеді және бұл да өтіп кетеді. Еліміз көптеген сынақты бастан кешірген: кезінде печенегтер де, "половецтер" де қысқан - Ресей бәрін жеңді. Бұл коронавирусты да жеңеміз" деген еді.
Соңғы мәлімет бойынша, Ресейде 93,5 мыңнан астам адамнан коронавирус табылған. 867 науқас қайтыс болған.
Дереккөз: Азаттық радиосы