Атырау, 3 мамыр 13:58
 ашықВ Атырау +15
$ 443.37
€ 474.49
₽ 4.83

«Мен емделіп шықтым. Бірақ қаншама адам коронавирустың өте қауіпті екенін түсінбей жүр»

Бейнежазба
8 650 просмотра

Атыраулық Айкөркем КУСЕСОВА коронавирус инфекциясын қалай жеңгені туралы сұхбат беруге Қазақстанда бірінші боп келісім берді. Бұдан бұрын ол 26 наурыз күні Амстердам арқылы өзі білім алып жатқан Ванкуверден Атырауға үйіне ұшақпен жеткен. Коронавирусқа байланысты университет жабылып, студенттерді онлайн режимінде білім алуға көшірген. Ал университет оларға билет сатып әперіпті.

Атырауға келгендердің бәрін оқшаулап, анализ алған. Бір жолаушының анализінен коронавирус инфекциясы расталған соң, оларды Кіші өнер академиясының жатақханасына 14 күн карантинге жатқызған.

«13 күн толысымен бізді шығармас бұрын бәрімізден қайтадан анализ алды. Нәтижесі келесі күні таңертең шықты. Сол күн әлі есімде. Таңғы сағат жеті. Жаңа ғана көз іліп кеткен кезім еді. Бөлмеме есік қағып, іште бізбен карантинде бірге болған дәрігер келіп “Айкөркем, сенің анализің положительный шығыпты. Заттарыңды жина, қазір скорый келіп алып кетеді” - деді. Шыны керек қатты таң қалдым. Сене алмадым. Менде КВИ-дың ешқандай белгілері болған жоқ. Өзімді керемет сезініп жүрдім. Бірақ нәтиже солай келгесін, көнбеске амал бар ма? Үн-түнсіз заттарымды жинап, жедел жәрдеммен кетіп қалдым...», - деп жазады ол Инстаграмда.

«8 сәуірде облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылдым. Анализ алды, қан қысымымды өлшеді, тамағымды қарады. Әлі сене алмай, аң-таң болып отырдым. Онымен қоса түрлі ойлар келіп жатыр. Жұқпалы аурулар ауруханасына түскен бірінші күнім уайыммен өтті. Үйдегілерге үздіксіз хабарласып, "енді не істеймін?" деген сұрақты қайта-қайта қоя бердім...

Палатада үш адамнан жаттық. Келе салысымен маған “Алувиа” препаратын берді. Таңертең екі, кешке екі таблеткасын беретін. Басқа ем берген жоқ. Күніне екі рет дене қызуымызды өлшейтін. Екі таблетканы ішіп алғаннан кейін қатты ішім ауырды. Ол дәрінің кері әсерлерінің бірі екен. Одан кейін препараттың басқа да кері әсерлерін сезіне бастадым. Аузыма ащы дәм келетін, тәбетім болмады. Бұл кері әсерлер тек менде емес, қасымда жатқан адамдарда да болды. Олардың бірі құрғақ жөтелден қатты қиналып жүрді. Енді бірінде дәм сезбеу, иіс сезбеу жағдайлары орын алып жатты. Бірақ дәрігерлер менің жағдайымда осылай болатынын айтып жұбатты».

Айкөркемде ауру жеңіл өтіпті, ешқандай ауру белгілері болмаған.  Алайда, 9 күн толысымен препаратқа аллергия пайда болып, сол себепті әрі қарай ол препаратты беруді тоқтатқан. Оның орнына аллергияның дәрісін беріп, дәріні тамырына тамызғышпен сала бастаған.

«Бізді ауруханадан шығармас бұрын, 15-інші және 16-ыншы күні екі рет анализ алды. Екі анализдың нәтижесі теріс шыққасын ғана бізді үйге шығарды. Қазір енді 21 күн үй карантинінде жатырмын. Шыққан күні бөлек бөлмем, жуынатын жерім бар екеніне көз жеткізу үшін үйді тексеріп кетті. Күнде таңертең 8-де эпидемиологқа видеоқоңыраумен денсаулығым жөнінде есеп беріп отырамын. Үйде маскамен жүремін. Бөлмемнен де көп шыға беруге болмайды. 21 күн өткен соң менен тағы 2 рет анализ алынады».

Айкөркемнің айтуынша, ол әлі күнге дейін вирустың бар екеніне сенбейтін жандардың көптігіне және түрлі нәрселердің айтылып жатқанына таң қалған.

«Ауруханадан шығып, үйге келе жатып, көшеде көп адамның жүргенін көрдім. Шыны керек, біртүрлі болдым. Негізінде адам басынан өтпей ешнәрсені сезінбейді ғой.

Қазір халық арасында "ешқандай вирус жоқ" деген алып-қашпа әңгімелер жүріп жатыр. Бірақ, коронавирус ойыншық емес. Ол бар, қауіпті індет біздің арамызда жүр. Адамдардың көбі әлі күнге дейін ештеңе түсінбеген сияқты. Дәрігерлердің жағдайы қандай екенін елестетіп көрейікші. Біз емделіп шықтық. Алла қаласа, басқа емделушілер  де жазылып шығады. Бірақ дәрігерлер үйден жырақта, соңғы науқас емделіп шыққанша жұмысында қалады. Ал олардың да отбасы, балалары бар ғой.

Ел аман, жұрт тынышта ет жақын адамдарыңды көре алмау өте қиын нәрсе екенін білесіздер ме? Дұрыс тыныстай да алмайтын қорғаныс костюмін үнемі киіп жүру оңай дейсіздер ме? Өз басын қауіп-қатерге тігіп, басқа жандардың өмірі мен денсаулығы үшін күресіп жүрген дәрігерлер - нағыз батырлар. Мен солай деп есептеймін.

Мені емдеп шығарған ақ халатты абзал жандар - Жантөре Орысбаеваға,  Айкөркем Керейқызына, Салтанат Қайыроваға, Нұрфия Қизатоваға, Әсия Сидешоваға, барша медицина қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін», - дейді коронавирус инфекциясын жеңіп шыққан атыраулық Айкөркем Кусесова.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

ӨКҚ ұсынған бейнежазба

28 сәуір 2020, 12:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.