Атырау, 22 қараша 07:57
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Карантин: қатыгезбен бетпе-бет

3 900 просмотра

«НеМолчи» қорының жетекшісі Дина СМАИЛОВАНЫҢ айтуынша, қазір Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсету жағдайлары көбейіп кетті. Бұл карантин мен өзін-өзі оқшаулауға байланысты дейді ол. Шамалы қалыптасқан отбасы үшін шықпастан төрт қабырғада қамалып отыру ашу шақырып, дау туғызып, қол жұмсауға дейін жеткізуде.

Атырау облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің бастығы Әлібек ҚАЙЫРОВ та жақында өткен брифингте тұрмыстық негіздегі құқықбұзушылыққа қатысты шағым бұрынғыға қарағанда көбейгенін атап кеткен болатын.  

-Төрт жылдан бері біз үйдегі қысымшылықтан зардап шеккен әйелдерге көмектесіп келеміз. Қазір олардың көбейгені байқалады. Озбырлық көргендердің ішінде анасы, жұбайы, әпкесі, тіпті, кішкентай балалар бар, - дейді Д.Смаилова «АЖ» тілшісіне. -  Үйдегі зорлыққа полиция немқұрайды қарайтыны жаман, сондықтан үмітін үзген әйелдер көбіне олардың көмегіне жүгінбейді. Бұл жерде қорқып, ұялуды қою керек. Үйдегілердің зығырын шығарған мейірімсіз адаммен бірге тұрып жатқаныңызды жасырмаған жөн. Көпшіліктің алдына шығарыңыз, оның суреті мен сізге салған дене жарақаттарын көпшілікке жария етіңіз. Осыдан кейін тез есін жиятын болады.

Осы сөздерден кейін менің есіме Атырауда болған бір жантүршігерлік жағдай түсті.  Онда қатыгез күйеуі әйелін жарты жыл бойына ұрып-соғып, зорлап келіп, түбінде өлтіріп тынды. Ана байғұс әйел бірнеше рет полицияға шағымданды, бірақ ондағылар дұрыс түсінбей, «сонда күйеуі әйелін  зорлауы мүмкін бе?» деп таңданған.

Жақында БҰҰ Бас хатшысы Антониу ГУТЕРРИШ коронавирус пандемиясы салдарынан жаппай оқшаулану  кезінде шиеленіскен  тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтуге шақырды.

-Пандемияны жеңіп шығу үшін карантин мен оқшаулану қажетті шара екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Алайда, бұл жағдайда әйелдердің мейірімсіз адаммен бірге қамалып қалу қауіпі бар, - деп мәлімдеді Гутерриш.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған алғашқы іс-әрекеттер жаднамасы:

* дереу 102 телефоны бойынша полицияға хабарласу:

* жарақат алған жағдайда 103 нөмірі бойынша жедел жәрдем шақыру;

* тәулік бойы жұмыс істейтін зорлық-зомбылық көрген адамдарға арналған ұлттық сенім телефон желісіне тегін 150 немесе +7 (708) 106-08-10 (WhatsApp) нөмірі бойынша хабарласу. Онда сізге психологиялық және құқықтық көмек көрсетіледі, учаскелік инспектор, дағдарыс орталығы және басқа да қажетті ұйымдардың байланыс нөмірлерін береді.  Өтініш иесі құпия қалатыны және ақпарат таралмайтынына кепілдік беріледі;

• «НеМолчи» Қоры  +7 (705) 151-00-00. 

Фархат ӘБІЛОВ

23 сәуір 2020, 17:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.