Атырау, 22 қараша 14:50
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Ерлі-зайыптылар өмірі: екі рет зорлап, сосын өлтірген

7 799 просмотра


«Әйелін зорлады деген не сандырақ?» - деп ойлап, мүмкін Атырау полицейлері мен прокурорлары қызымның күйеуіне шағымданған арызына мән бермеген шығар. Ал үш айдан кейін күйеуі оны айуандықпен зорлап, содан кейін өлтіріп тастады. Егер құқыққорғау органдары өз жұмыстарын дұрыс жасағанда, қызым тірі жүрер ме еді!» - дейді көз жанары жасқа толған Атырау облысының тұрғыны Надежда АНТОХИНА.

ОҒАШ ТЕРГЕУ

Мұның бәрі өткен жылдың қыркүйек айында 19 жастағы Мақат ауданының тұрғыны Айнұр ҚАНАТҚАЛИЕВАНЫҢ 22 жастағы жылыойлық Әли ҚАНҚОЖИЕВҚА тұрмысқа шыққанынан кейін басталған. Алғашқы апталарда жас жұбайлар Атырауда жалдамалы пәтерде тұрған, бір-бірімен тату өмір сүріп жатқандай еді. Оның үстіне сол кезде кішкентай сәбилері бар-тұғын.  Бірақ кешікпей күйеуі ішімдікке салынып, әйеліне қол көтере бастайды. Бір күні бөтелке сынығымен әйелінің ахилл сіңірін кесіп жіберіп, оған облыстық ауруханада операция жасалады. Сол кезде Айнұр күйеуінен анасының Алмагүлдегі жалдамалы пәтеріне кішкентай қызымен кетіп қалады. Бірақ ол қайтып келуге көндірмек болады. Айнұр оған қайтып келмейтінін және ажырасуға бел байлағанын айтады. Қанқожиев оны бас тартқаны үшін өлтіремін деп қорқытуға көшеді. Өткен жылдың 14 қарашасында анасы үйде болмаған кезде ол пәтерге кіріп, Айнұрды есінен танып қалғанша ұрып, содан кейін зорлаған.

Есін жиған соң ол №2 қалалық полиция бөліміне келіп, өзін зорлағаны туралы арыз жазады. Полицейлер одан жауап алып, қылмыс жасалған кездегі іш киімі мен жамылғыны заттай айғақ ретінде алады. Бірақ неліктен екені белгісіз, әйелді сот-медициналық сараптамаға апармайды. Кейінірек заттай айғақтар салынған пакет те жұмбақ жағдайда жоғалып кетеді.

Полицияның әрекетсіздігін көрген Айнұр сол кездегі Атырау қаласы прокурорының міндетін атқарушы Абзал САХИПОВҚА және Полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Нұрмұхамбет МҮТӘЛИЕВКЕ олардың үстінен шағым жазады, бірақ ол да нәтижесіз қалады.

Ал бұл уақытта Қанқожиев, шамасы ешкім іздемеген шығар, басқа жерден пәтер жалдап тұрған әйелінің жаңа тұрғылықты жерін тауып алады. Осы жылдың ақпан айында ол қулықпен (басқа адамға есік қағуды өтінген) Айнұрдың пәтеріне кіріп, "бас тартсаң, өлтіремін" деп қорқытып, қайтып келуін талап етеді. Айнұр көнбеген соң, оны ұрып-соғып, аяусыз зорлайды. Ал ол екінші баласынан жүкті екенін айтып үлгерген. Содан кейін бейшара әйелді сөмкенің бауымен қылғындырып, өзі қашып кетеді. Осылайша жарты жылға созылған «отбасылық» ұрып-соғу мен зорлау хикаясының соңы қайғылы аяқталады. Ал ол ертерек, Айнұрдың көзі тірісінде қылмыскерді құрықтаумен аяқталуы тиіс еді.

Көп ұзамай енді қылмыс жасады, ұстауға болады дегендей, полиция қызметкерлері Қанқожиевты ұстайды. Жарты жылдан кейін Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы (Адам өлтіру) және 120-бабы (Зорлау) бойынша кінәлі деп тауып, 16 жылға бас бостандығынан айыру жазасын берді, оның 14 жылы кісі өлтіргені үшін және 2 жылы зорлағаны үшін.

- Бұл жерде полицейлер мен прокурорлардың кінәсі бар! Егер олар дер кезінде әрекет етсе, қызым тірі қалар еді! Қылмыстан үш күн бұрын ол өзін құтқаруын жалбарынып сұрап, құқық қорғау органдарына тағы бір арыз жазды. Бірақ бұл ешкімге керек болмады, - дейді анасыз қалған немересін қамқорлығына алған Надежда Антохина.


«БІЗДЕ КӨПШІЛІГІ ӘЙЕЛДЕРІН ӨЗІНІҢ ЗАТЫ ДЕП ЕСЕПТЕЙДІ»

Мен бұл хикая туралы сексуалдық зорлыққа, оның ішінде отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы күресетін «НеМолчи.кз» қозғалысының көшбасшысы Дина СМАИЛОВАҒА баяндаған едім. Ол «Тальго» пойызының жолаушысын зорлаған жолсеріктердің қатаң жазалануына көмектескен еді.  Біздің әңгімемізде Дина Айнұр Қанатқалиевамен болған трагедия кездейсоқ емес, ол артта қалған, мәдениетсіз қоғамдық стереотиптер мен жетілмеген заңнамаға тікелей байланысты екендігін баса айтты:

- Ол әйел енді тіріліп келмейді, бірақ назар аударыңыз: үкімде зорлағаны үшін екі жылға бас бостандығынан айыру белгіленген. Бірақ зорлықшыл күйеудің жазаланбауы сайып келгенде кісі өліміне алып келді. Өкінішке орай, біздің елде зорлықты дәлелдеу өте қиын, ал заңдар бұған ықпал жасамайды, жаза да тым жеңіл.

Біздің менталитетіміз де бар. Қазақстандық ер адамдардың көпшілігі өз әйеліме не жасасам да өзім білемін деп, меншігі ретінде қабылдайды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерінде де осындай психология. Олар әйелдің күйеуім зорлады деген шағымына мән бермей жатады. Көбінесе осындай арыздарды қабылдаудан бас тартады.

Қанатқалиеваның өлімінен кейін оған жол бергендерді қатаң жазалау керек деп санаймын. Бұлар - іс жүзінде қылмысқа қатысушы сыбайластар.

Соңғы жаңалықтардан - прокуратура бұл қылмыс үшін тағайындалған жаза өте жеңіл деп санап, Қанкожиевқа шығарылған үкімнің зорлауға қатысты бөлігіне шағым берді.

Фархат ӘБІЛОВ

6 қыркүйек 2019, 11:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.