Әлеуметтік желіде Теңіз вахталық қалашығындағы «Ватернас» мекемесінің жатақханасында болған жаппай наразылық туралы бейнежазба тарағаннан кейін оның өкілдері БАҚ үшін қызметкерлер тарапынан болған наразылықтың себептерін атады.
ТШО-ның базалық бизнес және ККЖ бойынша мердігері «Кентек» компаниясы қызметкерлерінің наразылығы төмендегі жағдайлардан туындады:
- олар өздерінің дені сау деп санайды және сынама тапсырғысы келмеді;
- оларды инфекциялық ауруханаға ауыстырып жіберуден қорықты;
- ешкімді алаламай, тестілерді тек олардан ғана емес, сонымен қатар Теңіз кенішіндегі басқа да кэмптерде өткізуді сұрады;
- бөлмені жинағысы келмеді.
Естеріңізге сала кетсек, 10 сәуірде Жылыой ауданы СЭС бас дәрігерінің «Ватернас» мекемесінің жатақханасына карантин режимін енгізу туралы қаулысы шықты. Кент өкілдері хабарлағандай, қызметкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізілді, олар өз сұрағына жауап алды.
«Ватернас» өкілдері кентте 1500 адам тұратынын атап өтті. Оның ішінде 235 адам толық оқшауланып, тұрғын блоктың жеке бөлмелеріне орналастырылды. Олардың қатарында супервайзер, электрик, жүргізуші, қызмет көрсетуші жұмысшылар бар. Қажетті заттарды тапсырыстары бойынша күн сайын жеткізуші жеткізіп тұр.
Қалғандары тамақ ішу үшін далаға шығуға мүмкіндігі бар. Қызметкерлердің бір-бірімен араласуын азайту үшін ас бөлек тұрған 5 жерден беріледі.
Кезең-кезеңімен талдауға сынама алынады. 11 сәуірде алынған 39 сынама расталмады. 12 сәуірде алынған 21 сынама бойынша да осындай нәтиже шықты.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА