Өткен жылдың күзінде келер жылдың мамыр айында су тасқыны кезеңінде арналардан Қарабатандағы біріктірілген газ-химия кешені (БГХК) құрылыс алаңына арналған ірі габаритті жүк баржалары өту үшін Жайық-Каспий кеме қатынасы каналында тереңдету жұмыстары басталды. Бұл жоба қазір қандай кезеңде? – деп сауал қойды «АЖ» «KPI - Inc.» ЖШС басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Мұратжан МУСАЙБЕКОВКЕ.
- «Атырау облысындағы біріктірілген газ-химия кешенінің құрылысы» жобасының бас мердігері - қытайлық CNCEC компаниясы 2019 жылы тереңдету жұмыстарын жүргізу тәжірибесі мен лицензиясы бар қазақстандық компаниямен келісімшарт жасады. Мердігер 2019 жылдың күзінде жұмысқа кірісті. Өзенде мұз тұрғасын оны жыл аяғына дейін толықтай аяқтау мүмкін болмады. Биыл Жайық өзенінде мұз ерігеннен кейін жұмыстар жалғасып, наурыздың соңында толықтай аяқталды, - деп хабарлады М. Мұсайбеков.
- БГХК құрылыс алаңына кеме қатынасы каналы арқылы жүк тасымалдау қашан басталады?
- Баржалармен Оңтүстік Кореядан жалпы салмағы 3800 тонна болатын ірі габаритті технологиялық 17 жабдықты жеткізу жоспарланып отыр. «Қазақтеңізкөлікфлоты» Ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы» ЖШС теңіз арқылы Оңтүстік Корея – Стамбул – Қара теңіз (Констанца) – Волга-Дон каналы – Каспий теңізі – Жайық-Каспий каналы – Атырау өзен айлағы бағыттары бойынша жабдықтарды тасымалдайды. Оларды биыл жазда жеткізу жоспарланып отыр.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ