Қызылқоға ауданында үш жыл бұрын құрылысы жүріп жатқан объектілер бүгінде тұралап тұр.
Оның бірі Мұқырдағы 400 орындық мәдениет үйі. Бұл объектіге бюджеттен 301 млн 896 мың теңге қаралған. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы. Келісім шартта конкурс бойынша жеңіп алған «АвтоСтройКонсалтинг» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2017 жылдың 25 тамызында бастап, 2018 жылдың күзінде пайдалануға беріледі деп көрсетілген. Бүгінде іргетасы қаланып, бірінші қабаттың қабырғасы көтерілумен ғана шектеліп отыр. Жергілікті әкімдіктің айтуынша, жұмыс басынан қожырап, дұрыс ұйымдастырылмаған. Техникасы мен қол күші жетіспеген. Бұған қатысты мердігер мекеменің өз айтары бар болар деп ЖШС директорының ұялы телефонына қайта-қайта телефон шалғанымызбен, жауап болмады.
-Жақында құрылыс басында бірен-саран адам пайда болғанымен кейін жоқ болып кетті... Мәдениет үйі біз үшін өте қажет, жергілікті қызметкерлердің сарыла күткеніне көп болды. Биыл осы объектіні пайдалануға береді деген. Қазіргі кейіппен құрылыс тағы ұзаққа созылуы мүмкін, - дейді Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Айдулат КЕНЖЕБЕКОВ.
...Ал Қарабау ауылындағы құны 97 млн теңге болатын дәрігерлік қосын құрылысы 2017 жылдың 12 қыркүйегінде басталған. «ЭкоИнком» ЖШС құрылысты бір жыл ішінде бітіруді өз міндетіне алған. Алайда жұмыстың 90 пайызы жасалығанымен, емдеу орнын ашуға қалған 10 пайыз жұмыс жетпей тұр. Бұл жөнінде «ЭкоИнком» ЖШС-нің директоры Әліби ҚҰСАНОВ былай дейді:
- Қаржылық қиындықтан Қарабаудағы фельдшерлік пункттің құрылысын дер кезінде аяқтай алмадық. Кезінде банкіден көп көлемде несие алғанбыз. Оны уақытында өтей алмағандықтан, банк есепшотымызды жауып тастады. Қазір бұл жағдайды шешіп, мамыр айында құрылысты жалғастырамыз деп ойлаймын. Енді сыртқы және абаттандыру жұмыстары қалып тұр.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА