28 наурызда таңертең Махамбет ауданы Махамбет ауылы «Жаңа ауыл» ықшам ауданының жиырма шақты тұрғыны коронавирус дертіне байланысты пайдаланылмақ болған ғимараттың ауыл ішінде болуына қарсылық білдіріп, наразылық танытты.
-Біздің үйлеріміз жақын орналасқан, осы жерде балаларымыз ойнап жүреді. Басқа жер тапсын! – дейді ашуланған тұрғындар.
Жиналғандарға мән-жайды түсіндіру үшін кездесуге Махамбет ауданы әкімі Жәрдемғали АХМЕТОВ келді. Кейін әкім бұл жайт туралы «АЖ» тілшісіне мынадай хабарлама берді:
-Бұл 56 орындық жекеменшік емдеу орны. Оның иесі коронавирус инфекциясын жұқтыруы мүмкін деген адамдарды уақытша оқшаулау үшін пайдаланбақшы болғанымызға қарсылық білдірмей, келісімін берген еді. Жиналғандарға екі нәрсені түсіндірдім. Біріншіден, ол жерде ауру жұқтырған адам емес, вирусты жұқтыруы мүмкін деген адамдар ғана жатқызылады. Екіншіден, оны резерв ретінде пайдаланбақшымыз. Себебі, қазір бір бұл мақсатқа бұрынғы өкпе аурулар ауруханасының ғимаратын әзірлеп жатырмыз, онда 120 төсек-орын болады. Оның үстіне бүгінде он төсектік орын аудандық аурухананың жұқпалы ауруларды емдейтін бөлімінде дайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, Махамбетте Польшадан келген студент вирус тасымалдауға күдікті ретінде уақытша оқшауланған болатын. Оның сынамасынан коронавирус анықталған жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Бейнежазбаны түсірген автор