Атырауда барлық халықаралық әуе рейстері уақытша тоқтатылды - тек Қазақстан ішіндегі рейстер қалды. Бұл туралы брифингте Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВА хабарлады.
Оның айтуынша, Стамбул мен Амстердамнан келген соңғы чартерлік арнайы рейстердің барлық жолаушылары мен экипаждары бірден арнайы көліктермен талдау орталығына жеткізілген. Қазіргі уақытта ауру жұқтырған 4 науқас Нұрсаядағы №2 облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде емделуде. Бұдан басқа, олармен байланыста болған 13 адам дәрігерлердің бақылауында. №2 емханада басқа аурулар бойынша ем алып жатқан пациенттер басқа стационарлардың жұқпалы аурулар бөлімшелеріне: ересектер - №1 облыстық ауруханаға, 15 жасқа дейінгі балалар - облыстық балалар ауруханасына көшірілген.
Хаменованың айтуынша, колледждер мен жергілікті екі жоғары оқу орнының жатақханаларында, сонымен қатар «Береке» ықшамауданындағы жаңа ғимаратта карантин бола қалса деп, 1910 кереует ұйымдастырылған. Қазір қолданыстағы 104 өкпені жасанды желдету аппаратына қосымша демеушілердің көмегімен 20 аппарат сатып алынуда.
- Біздің облыста коронавирусқа шалдыққан 4 науқастың тек біреуінде клиникалық белгілер болды. Оның қызуы көтеріліп, жөтелі болған. Үшеуінде ауру белгілері жоқ. Бұл біздің қырағы болу керектігімізді білдіреді, ауру білдіртпеуі мүмкін. Халық көп жиналатын орындарға бармаңыздар, үйде болыңыздар, - деп ескертті денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла ҒАЗИЗОВ.
Тұрғындар қазір дәріханалардан медициналық маскалар, спирт, парацетамол сатып алу мүмкін емес деп шағымдануда. Б.Хаменованың айтуынша, келесі аптаның басында дәріханаларға медициналық маскалар келуі тиіс, бұл бағытта жұмыс жалғасуда. Төртінші тоқсанда оқушылар қашықтан оқиды деген шешім қабылданды, қазір осынау процеске дайындық жүріп жатыр. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға кейін қайтару шартымен мектептерде компьютерлер берілетін шығар. Оқушыларды онлайн режимінде оқыту туралы қосымша ақпарат апта ортасында хабарланады. Жұмысын уақытша тоқтата тұру және несие төлеуді кейінге қалдыру туралы өтініш берген шағын және орта бизнес өкілдерінің санын атау мүмкін емес, өйткені олар күннен күнге көбеюде.
Ал брифинг біткен бойда Атырауда коронавирус жұқтырған бесінші науқастың анықталғаны белгілі болды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА