Атырауда 3 адамның коронавирус жұқтырғаны анықталғаннан кейін, қала тұрғындары: «Атырау карантинге жабыла ма?» деген сұрақтар қоя бастады.
- «Б» жоспары бойынша барлық іс-шаралар басталар алдында Ведомствоаралық комиссия, егер коронавирус жұқтырғандар бес немесе одан да көп анықталса, қала карантинге жабылады деген шешім қабылдады. Бірақ бұл шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды, әкімнің бұйрығы болуы керек, - деді Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас АХМЕТШӘРІП.
Осы сұрақпен «АЖ» Атырау облысының әкімдігіне жүгінді.
- Біз қазір ҚР бас санитарлық дәрігері бекіткен алгоритм бойынша жұмыс істеп жатырмыз, - деді облыс әкімдігінің баспасөз қызметі. - Атырау облысына карантин енгізу мәселесі әзір қарастырылмайды.
Естеріңізге салсақ, жақында WhatsApp мессенджерінде 26 наурыздан бастап Атырау карантинге жабылады деген ақпарат тараған болатын. Қала әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Фархат ӘБІЛОВ