ТШО Атырау облысының Денсаулық сақтау мекемелеріне медициналық жабдықтар мен қажетті құралдарды сатып алу үшін 1,3 млрд теңге бөлді. Қаржының бір бөлігі түсті, қалғаны жақын күндері аударылады. Бұл туралы брифингте ТШО-ның үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек АРТЫҒАЛИЕВ мәлімдеді.
Журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, Артығалиев 26 наурыздағы жағдай бойынша Теңіз кен орнында коронавирустық инфекция жағдайы тіркелген жоқ, өндірістік қызмет штаттық режимде жүзеге асырылуда екенін айтып кетті.
«АЖ» хабарлағандай, өткен аптада ТШО қызметкерлердің вахталық ауысымына қосымша шектеулер енгізді – олардың Атырау облысынан басқа өңірлерден келуі уақытша тоқтатылды. Облыста тұратын барлық қызметкерлер тек Атырау облысында соңғы 14 күн болған жағдайда (анықтама болуы тиіс) және ТШО көлігіне отырғызу кезінде міндетті термометриядан өткен кезде ғана вахтаға жіберіледі.
Артығалиевтың айтуынша, қазір ТШО қызметкерлерінің 70 пайызы, негізінен бас кеңсе қызметкерлері қашықтан жұмыс жасауға немесе жұмыс уақытының икемді кестесіне көшкен. Олардың жалақысы сақталады.
-Өздеріңізге белгілі, вахта қазіргі уақытта ұзартылады, еңбекақы да тиісінше төленеді. Сондай-ақ ТШО кезекті вахтаға келместен, үйде қалғандардың орташа айлық жалақысын сақтайды және мердігерлерге де осыны ұсынады. Бірақ барлығы ұжымдық пен жеке еңбекшарттар шеңберінде және еңбек кодексіне сәйкес атқарылады.
Қазір кен орнында барлық қажетті медициналық құралдармен жабдықталған 300 төсек-орын дайындалды, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау жүргізілуде.
- Бұл ТШО үшін алғашқы дағдарыс жағдайы емес, біз осындай бірнеше сынақтан өттік. Бұдан бұрын айтқанымыздай, қызметкерлер қысқартылмайды. Егер мұнай бағасы тұрғысынан қарайтын болсақ, бюджет оңтайландырылады, бірақ бұл қызметкерлерге әсер етпейді, - деп сендірді Артығалиев.
Өндіру, тасымалдау, күрделі жөндеу және Болашақ кеңею жобасына қатысты Теңізшевройл өкілі жұмыстардың кестеге сай, жобалар бойынша көзделген жұмыстардың барлығы іске асырылып жатқанын айтты.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА