Атырау, 23 қараша 01:12
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Шетелдіктерге тек шығуға рұқсат етілген

3 848 просмотра


Бүгінгі таңда Атырау облысында 19 839 шетелдік азамат бар. Оларға елден шығуға тыйым салынбайды, қаласа өз еліне орала алады. Шекарадағы ахуалға арналған брифингте осы және басқа да мәселелер айтылды.

- Төтенше жағдайға байланысты Қазақстан азаматтарының елден шығуы және шетелдік азаматтардың бізге келуі тоқтатылады. Тек шетелге емделуге шығатын және қолдарында денсаулық сақтау мекемелерінің тиісті құжаттары мен шетелдік емхананың шақырту қағазы бар қазақстандықтарға, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының отбасы мүшелері боп табылатын шетелдіктерге ғана бұл тыйым қолданылмайды, - дейді ҚР ҰҚК Шекара қызметінің №2016 әскери бөлімі командирінің орынбасары Болат АСҚАРОВ. – Жүргізушілерде халықаралық төлқұжат болған жағдайда, жүк және транзиттік көлік құралдарының кіруіне рұқсат етіледі: шекарадан өтті деп соғылған мөртабан арқылы олардың қозғалысын қадағалауға болады.

Бүгін түнде облыс аумағында халықаралық теміржол көлігі, Нұр-Сұлтан мен Алматыға баратын пойыздардың қозғалысы тоқтатылды. Ең соңғы боп «Мәскеу-Душанбе» жолаушылар пойызы жолға шықты.

«Түркия азаматы (30 күнге берілген) визасының мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстаннан шығып үлгермесе, не істейді?» деген сұраққа Атырау облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Руслан ӘДІЛОВ жауап берді. Шекара қызметінің мәліметі бойынша, бүгінде «Атырау – Стамбұл» бағытындағы рейстер тоқтатылмаған, тек аптасына екі рет ұшатын қып қысқартқан. Егер ол объективті себептерге байланысты виза мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстаннан шыға алмаса, онда оған бұл құжаттың мерзімін ұзартуы мүмкін.

Атырау облыстық ПД жергілікті полиция қызметінің басшысы Әлібек ҚАЙЫРОВ Атырау облысында жедел штаб құрылғанын, төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты «қауырт желі» жұмыс істеп жатқандығын еске салды. «109» қысқа нөмірі арқылы өңір тұрғындары соңғы ақпаратты біле алады немесе төтенше жағдай режимінің бұзылғаны туралы хабарлай алады. Қайыров дүрбелең тудыратын жалған ақпараттарды таратпауға шақырып, Индер ауданында коронавирустың анықталғаны туралы жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қылмыстық істің қозғалғанын айтты.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

19 наурыз 2020, 17:31

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.