«Шайба» хоккей сайты ҚР премьер-министрі Асқар Маминге және Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхамбетовке жолдаған атыраулық «Бейбарыс» командасының ұжымдық хатын жариялады. Онда олар клуб басшылығы, дәлірек айтсақ, Болат Бушановтың үстінен шағым түсірген.
Хатта жазылғандай, клуб басшылығы қаржыға байланысты өз міндеттемелерін орындамай отыр. Атап айтқанда, еңбекақы үнемі кешіктіріліп төленеді, сыйақыны кесіп тастаған, өткен маусымдардың қарызы өтелмеген, сондай-ақ зейнетақы аударымдары жүргізілмеген.
Хоккей клубы «ЖК Бушанова Гаухар Михайловнаға» сенімгерлік басқаруға берілді. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мәлімет бойынша жеке кәсіпкер 2018 жылдың 28 ақпанында Орал қаласында тіркелген. Іс жүзінде клубты Гаухар Бушанованың жолдасы Болат Бушанов басқарады. Клуб хоккейшілері мен жаттықтырушылары барлық төлем бірнеше рет жалынып-жалпайып сұрағаннан кейін төленетініне шағымданды. Өткен жылдың қараша айында Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы жүргізген тексеру нәтижесінде «Бейбарыс» басшылығының тарапынан жіберілген кемшіліктерді растады.
Хат «Сізден Б.Бушановтың сенімгерлік басқаруы кезіндегі қаржылық-шаруашылық қызметіне тексеру жүргізіп, хоккей клубын құтқарып қалуды сұраймыз. Сыйақы бойынша берешекті өтеп, нысандарды әкімдіктің басқаруына қайта беріп, «Бушанова Г.М.» жеке кәсіпкерімен келісімшартты бұзуды өтінеміз» деп аяқталады.
«Бейбарыс» ХК басшылығының, облыстық спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимовтың, команданың бас жаттықтырушысы Владимир Клингтің телефондары жауап бермейді.
Қазіргі уақытта «Бейбарыс» Қазақстан чемпионатының плей-офф ширек финалында «Алтай-Торпедо» сериясынан 2:3 есебімен жеңілуде.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ