Атырау, 21 желтоқсан 16:51
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

5 511 просмотра

ЖҮЗУ


Көкшетауда 2009 жылғы ұлдар мен қыздар арасында жүзуден «Бурабай маржандары» атты республикалық турнир аяқталды. Турнир нәтижесі бойынша Атырау облысының командасы 5 алтын, 1 күміс және 2 қола алқа жеңіп алды.

Әлихан Құтлымұрат баттерфляй стилімен 50, 100 және 200 метр қашықтықта, кешенді жүзу бойынша 200 метр қашықтықта және еркін жүзуден 200 метр қашықтықта жеңімпаз атанды. Оның облыстық құрамадағы серіктесі Арман Аманбай брасс стилімен 50 метр қашықтықта екінші жәнебрасс стилімен 200 метр қашықтықта үшінші болды. Кешенді жүзуден 4-50 метрлік эстафетада біздің команда қола жүлдегер атанды. Иван Галкин «Турнирдің үздік жаттықтырушысы» деп танылды.


ҮСТЕЛ ТЕННИСІ

Ақтауда Абайдың 175 жылдығына арналған ашық турнир өтті.

Аслан Мырзахметовтің жетекшілігімен Атырау облысының құрамасы бұл жерде командалық есеп бойынша 2-орынға ие болды.


МУАЙ-ТАЙ

Атыраулық спортшы Ишан Ғалиев Таиландта кәсіпқой муай-тай бойынша өзінің 6-шы жекпе-жегін өткізіп, жергілікті спортшыны мерзімінен бұрын тізе бүктірді. Ишанға «Интернационалдық чемпион» белдігі табыс етілді.

Атап өту керекі, бұдан бұрынғы 5 жекпе-жегін де халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ғалиев мерзімінен бұрын аяқтаған еді. Қазір ол Таиландта оқу-жаттығу жиынында жүр.

* * * * *

Алматыда муай-тай бойынша ел чемпионаты өтті. Аға бапкер Нұрберен Әміржановтың жетекшілігімен Атырау облысының құрамасы 2 алтын, 3 күміс және 3 қола алқаға қол жеткізді.

Өз салмақ дәрежелері бойынша Аида Хайруллина мен Жомарт Тынышқалиев чемпион атанды, Нұрлыбек Ордабаев, Темірғали Өтемісов пен Маралбек Досжанов күміс алқа, Бейбіт Ибішев, Сергей Магриденов пен Жұмабек Мыңбай қола алқа алды. Ж.Тынышқалиев «Үздік техникасы үшін» жүлдесімен марапатталды.


КИКБОКСИНГ

Қостанайда кикбоксингтен «мықтылар турнирі» өтті.

Ағайынды Жанәлі Сәлімгерей мен Сәлімжан Сәлімгереев бұл сапардан алтын алқалармен оралды. Азамат Өтемісов күміс жүлдегер атанды. Үшеуі де Венгрияда өтетін Әлем кубогында ел намысын қорғау құқығына ие болды.


БОКС

Қостанайда КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы Валерий Никулинді еске алуға арналған республикалық турнир өтті

Жаттықтырушы Саламат Мұхамеджанов жетекшілік еткен Атырау облысының құрамасы бұл жерде 2 күміс алқа жеңіп алды.

49 келіге дейінгі салмақта Садай Фарзалиев пен 81 келіге дейінгі салмақта Амандық Манашев күміс жүлдеге ие болды. Амандық турнирдің «Жеңіске деген жігері үшін» арнайы жүлдесімен марапатталды.


ДЗЮДО

Таразда 2000-02 жылғы жастар арасында Қазақстан чемпионаты өтті. Бас бапкер Қуаныш Сүлейменов жетекшілік еткен Атырау облысының құрамасы 1 алтын және 5 қола алқа жеңіп алды.

Шынтас Серікболсын 90 келіге дейінгі салмақта чемпион болды, Ермек Амангелді, Дінмұхаммед Шәменов, Бекзат Шағатаев пен Гүлсімай Отарбаева қола алқа жеңіп алды, командалық сайыста құрама тағы бір қола алқаға ие болды.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

11 наурыз 2020, 10:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.