ҚР мемлекеттік сатып алу сайтында 5 наурызда құны 600 млн теңге болатын «Атырау облысының құрама командасын 2020 ж. маусымындағы футболдан Қазақстан Республикасының Чемпионатына және ҚР Кубогына дайындау және қатыстыру қызметі» лоты жарияланды.
Конкурс шарты бойынша қызмет жеткізуші «команданы 2020 жылғы маусымда футболдан Бірінші лига клубтарының арасында ҚР біріншілігіне және Екінші лига клубтарының арасында ҚР біріншілігіне дайындалуын және қатысуын қамтамасыз етуге" міндетті. Сонымен қатар, жас санаты бойынша балалар-жасөспірімдер және жастар командалары арасында өтетін ел чемпионатына қатысу көзделген. Өтінім берушіде ойыншылармен жасалған қолданыстағы, Қазақстан Футбол федерациясында тіркелген еңбек келісімшарттары болуы тиіс.
Бұл конкурсты ойыншылар құрамы және басқа да клуб құрылымдары бар қазіргі «Атырау» ФК-ның ұтып алатыны белгілі. Әйтпесе, Бірінші лигадағы чемпионаттың басталуына бір айға жетпейтін уақыт қалды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ