АСТАНА, 19 қар– Қазақстан жаңалықтары АА. «Арқанкерген» шекара бекетіндегі оқиға бойынша бас күдікті Владислав Челахтың қорғаушысы прокурорды істен аластатуды сұрады, Сот Челах қорғаушысының прокурорды істен аластату талабын негізсіз деп тапты деп хабарлайды агенттік тілшісі сот залынан.
Қорғаушы Серік Сәрсенов Талдықорған әскери гарнизонының прокуроры Дастан Секенов сот процесінің заңды өтуі үшін заңбұзушылықтарды жоюға қажетті шараларды қолға алмайды деп мәлімдеді. Осыған қоса, адвокат мемлекеттік айыптаушы тікелей немесе жанама әділ сотқа кедергі келтіруге мүдделі дегенді алға тартты. Ол алдын ала тыңдауда берген талаптамасын прокурордың қанағаттандырмай тастағанына наразы. Онда қорғаушы Челахтың кінәсін мойнына алып өзі келгенін заңды күші жоқ деп танып, тергеуді жалғастыруды сұраған еді.
Қорғаушының бұл талабын қарау үшін сот төрағасы үзіліс жариялады. Қырық минуттан кейін судья Челахтың адвокаты Серік Сәрсеновтың бұл талаптамасын негізсіз деп танып, оны қанағаттандырмады.
Сот отырысында Серік Сәрсенов қосымша тергеу тағайындау туралы тағы бір талабын алға тартты. Ал айыптаушы тарап тергеуді жалғастыруға негіз жоқ деп тапты. Сот төрағасы Челах қорғаушысының бұл талаптамасын ашық қалдырып, сот талқылауы барысында қаралады деген шешім шығарды.
Бұл шешімге Серік Сәрсенов наразылық танытып, әрі қарай сот отырысы қорғалушының құқығы бұзылмай өтетініне күмән келтірді.
Айта кетерлік жайт, Серік Сәрсенов отырыс барысында сот төрағасына жазбаша түрде қарсылық білдірген еді. Оның ойынша, төраға заңсыз әркеттерге барып отыр. Қорғаушының айтуынша, сот отырысы Талдықорғанда емес, Алматыда өтуі тиіс еді.
Дереккөз: newskaz.kz