Атырау, 23 қараша 10:48
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Пәтерден түк қалған жоқ»

Сурет
3 279 просмотра


Атыраудағы Махамбет көшесі №121 үйдегі өрттен кейін «АЖ» тілшісі тұрғындармен кездесті. Сол уақытта осы жерге Атырау қаласының әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ өзінің орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВПЕН бірге келген екен, оларға өрт басталған пәтерді көрсетті.

№19 пәтерде тұратын анасы бар қала тұрғыны Милана ЕДІЛСҰЛТАНОВАНЫҢ айтуынша, оларға ешкім де түнеп шығатын орын ұсынбаған, анасын өзі үйіне алып кеткен. Анасының пәтері өртте толығымен жанып кеткен, қабырғаларда жарықтар пайда болған, ал пәтердегі заттар мен жиһаз мүлдем пайдаға аспай, бәрін лақтыруға тура келген.

Қала әкімі бұл жалғызбасты әйелді келесі күні ретін тауып, баспанаға орналастыруға уәде етті.


Аулаға жиналған тұрғындардың сөзіне қарағанда, өрттен кейін үйде газ, жарық және су ажыратылған. Алайда билік тарапынан тамақтандыру ұйымдастырылмаған, жақын маңдағы кафе мен асханалардан тамақтануға тура келген.

№18 пәтердің тұрғыны Дина Айменова түнде өрттен кейін туысқандарының үйіне кеткен кезде пәтерлеріне ұры түсіп, алтын сақина, қымбат косметика мен скутерді алып кеткенін айтты. Полиция департаментінің баспасөз қызметі ұрлық фактісі  бойынша  қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде деп хабарлады.


Дүйсенбіде түстен кейін әкім орынбасары Ұлықбек Тінәлиевтің, ТЖД өрт сөндіру және апатты-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Абдулқапат ЖҰМАНОВТЫҢ және қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Қайрат ХАБИЕВТІҢ  қатысуымен брифинг өтті.

Ұ.Тінәлиев:  

- Бұл тұрғын үй 2011 жылы 21 млн 383 мың теңгеге қайта жаңғыртудан өтті. Бірақ 2 жылға берілген кепілдік мерзімі өтті. Қазір өрт фактісі бойынша арнайы комиссия құрылды. Үй тұрғындары өз туысқандарының үйлеріне орналасты. Сол күні-ақ пәтерлер мен подъездер, үйдің төбесі тазартылды. Бүгін электр энергиясы, газ және жылу берілді. Түгелімен жанып кеткен екі пәтердің тұрғынына біз Жұлдыз ықшамауданынан пәтер ұсындық, бірақ олар одан бас тартты. Баспананы қаладан тауып беруді сұрады. Қазір біз пәтер жалдап тұруға бір реттік материалдық көмек беруді қарастырып жатырмыз, оның сомасы комиссия арқылы шешілетін болады. Олар арыздарын жазып берді. Біз қазір осы мәселемен айналысып жатырмыз, көмек беріледі. Шатыр мен пәтерлер қалыпқа келтіріледі. Бұл техногендік апат, сондықтан да біз бюджеттен қаржы бөле алмаймыз, бұл жерде демеушілік көмек қажет. Бүлінген заттардың есебі жүргізілді.

А.Жұманов:

– Өрт қызметі оқиға орнына 10-11 минутта келіп жетті. Өртті сөндіру барысында шатырдағы ағаш торлама қиындық туғызды. Жану кезінде температура Цельсий бойынша 700 градусқа жетті. Біз черепицаны алдық, тек содан кейін ғана құбыршекті тартуға мүмкіндік туды. Пәтерлердегі өртті де өшірдік. Черепица өте жылтыр материал, өте қиын болды. Өрттің шығу себебі әзірге анықталған жоқ, онымен ТЖД-ның анықтаушы мамандары айналысуда.

Сәл кейін әкімдіктің баспасөз қызметі өртенген екі пәтердің тұрғындарының уақытша Жұлдыз ықшамауданындағы пәтерлерде тұруға келіскендерін хабарлады. Үй тұрғындары әлеуметтік желілерде "егер жауын-шашын түссе, не болады" деп алаңдап жатыр. Өйткені шатыр жоқ, кейбір пәтерлерде жырықтар пайда болған. Өрттің салдарынан пластик тұрбалар балқып, соның нәтижесінде едендер көтеріліп, ағаш есіктер ісініп кеткен, түсқағаздар, төбенің сылақтары түсіп жатыр. №121 үйдің тұрғындары атқарушы  және құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсетуді сұраған арыздарын жазып қойған.  

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суреттерді түсірген автор 

18 ақпан 2020, 12:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.