Атырау, 21 желтоқсан 17:01
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Спорт жаңалықтары

Сурет
4 352 просмотра

САМБО


«Атырау» ДСК-де спорттық және жауынгерлік самбодан ел чемпионаты өтті. Атырау құрамасы 4 алтын, 2 күміс және 3 қола алқа жеңіп алды.

Жауынгерлік бөлімде Серікжан Түсіпов пен Еркебұлан Қуанғалиев үздік болды, спорттық бөлімде де Парасат Жұмабай мен Айдынбай Қайырберді алтын алқа иегерлері атанды. Рамазан Ибатолла мен Наурызбек Майлашев күміс алқа, Абылай Түгелбаев, Әлібек Ибатолла және Хамария Әмірғалиева қола алқа иеленді.


ШАХМАТ

Наурыздың аяғында Атырауда өтетін ел чемпионатына іріктеу үшін №1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 20 жасқа дейінгі өңіріміздің ең мықты жас шахматшылары - жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында турнир өтті.

Финалдық кезеңде 17 шахматшы швейцариялық жүйе бойынша 7 турда ойнады. Нәтижесінде (сәйкесінше 1-ден 3-ші орынға дейін): жасөспірім ұлдар - Ибрагим Ғалымжанұлы, Аят Абдуллаев, Абзал Әмірәлі; қыздар - Зарина Нұрғалиева, Диляра Ғабитова, Марина Нұрғалиева үздік жүлдегерлер үштігіне енді. Олар Атырау құрамасының құрамына алынып, ҚР чемпионатында еліміздің жүзден астам үздік шахматшыларымен бақ сынасады. Бұл додаға әлем, Азия чемпиондары, ірі халықаралық турнирлердің жеңімпаздары қатысады.


ПАРАДЗЮДО

Бапкер Жандос Қиянов жетекшілік ететін Атырау облысының құрамасы ел чемпионатында 4 алтын және 2 күміс алқа жеңіп алып, командалық бірінші орынға ие болды.

81 келіге дейінгі салмақта атыраулықтар финалға шықты - құрамадағы серіктестер Ғалымжан Смағұлұлы мен Темірболат Ташекенов жекпе-жекке шығып, Ғалымжан жеңіске жетті. Аманжол Жанбота, Бақыт Исмағұлов және Зарина Байбатина да Қазақстан чемпиондары атанды.

Алқа бұдан да көп болар еді, бірақ атыраулық парадзюдо жұлдыздары, Азия чемпиондары Әнуар Сариев пен Дәулет Теміржан халықаралық лицензиялық турнирлерге дайындалу үшін ұлттық құрамаға шақырылған болатын.


АСЫҚ АТУ

№1 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2003-05 жылғы жасөспірім ұлдар арасында асық атудан, қыздар арасында бес асықтан облыстың іріктеу чемпионаты өтті.

Жасөспірім ұлдар арасында Жылыой ауданының командасы (Аян Мұратов, Фархад Мағзомов және Сапар Сисекеш) жеңіс тұғырынан көрінді, Мақат ауданынан үш спортшы (Шахназар Ғалымғали, Наурызбек Марданов және Айбар Аманұлы) екінші орынға ие болды, Құрманғазы ауданының өкілдері (Нұрқадір Орын, Зинолла Сағидолла мен Толысбай Қосаман) үшінші орынды місе тұтты.

Қыздар арасында Мақат ауданының командасы (Жанар Досай, Кәмила Егізбай және Ақторғын Алпамыш) бірінші орынды, Құрманғазы ауданы (Арайлым Мейрамбаева, Динара Алашбаева және Шахизада Әйтімова) екінші орынды, Қызылқоға ауданы (Диана Тарихова, Аяжан Қыдырбекова мен Ақбота Талғатова) үшінші орынды алды.

Бірінші орын алған командалар наурыз айының басында гимназия оқушылары арасында Тараз қаласында өтетін ҚР чемпионатында облыстың намысын қорғайды.


ЕРКІН КҮРЕС


Минскіде 2003-04 жылғы жасөспірім ұлдар арасында халықаралық турнир өтті. №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері (бапкерлері Данияр Хабдулов пен Айдос Лекеров) табысты өнер көрсетті.

55 келіге дейінгі салмақта Талап Жолдасов алтын алқа жеңіп алды, ал Бекарыс Төлегенов 65 келіге дейінгі салмақта қола алқа иеленді.

Бапкер Хабдуловтың тағы бір шәкірті – Нұрдәулет Сейілбеков Нұр-Сұлтанда 2003-05 жылғы жасөспірім ұлдар арасында өткен республикалық турнирдің жеңімпазы болды.

* * * * *

№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 2003-2005 жылғы жасөспірім ұлдар арасында облыстың іріктеу чемпионаты өтті.

- Наурыз айында ел чемпионаты өтеді, сондықтан біз командаға анағұрлым дайындығы бар палуандарды іріктеуіміз керек, - дейді облыстың жасөспірімдер құрамасының бас бапкері Айдос Лекеров.

Өз салмақ дәрежесінде Димаш Жақсылық, Ақжол Аққойшиев, Нұрлыхан Аманғалиев, Нұрдәулет Базарбаев, Нариман Серікбаев, Нұрлыхан Өтеғалиев, Бекарыс Төлегенов, Сұлтан Нұрқайыр, Ерсұлтан Ерболатұлы және Әділет Бисенбаев облыс чемпионатының жеңімпаздары атанды.


ФУТЗАЛ

Атырау мұнай және газ университетінің спорт залында университет пен колледж студенттері арасында «Қазақстан студенттік қыздар лигасының» облыстық кезеңі өтті.

Турнирге 7 команда мен «Атырау» футбол орталығының командасы қатысты. Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Х.Досмұхамедов атындағы АМУ, екінші орынды - APEC PetroTechnic колледжі, үшінші орынды - Мақат кентіндегі мұнай және газ колледжі иеленді. Турнир жеңімпазы республикалық жарыстарда облыстың намысын қорғайтын болады.


ДЗЮДО

Қостанайда 2003-04 жылғы жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ҚР чемпионаты өтті. Жарысқа еліміздің барлық өңірінен 700-ден астам спортшы қатысты. Атырау құрамасы қоржындарына 5 алқа салды.

Бекзат Таяуғалиев 81 келіге дейінгі салмақта күміс алқа алса, Дана Әбдірова (48 келіге дейін), Жасұлан Шапағатов (50 келіге дейін), Олжас Құмар (55 келіге дейін) және Әділет Омаров (60 келіге дейін) қола жүлдеге ие болды.

* * * * *

Ресейдің Ишим қаласында 2006-09 жылғы қыздар арасында халықаралық турнир өтті.

№1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің командасы осы жарыстардан 8 алқа иеленді: алтын алқа Әсел Русланова мен Дәмелі Асылханованың, күміс алқа Адель Қазанғапованың, қола алқа Кәусар Тілекбай, Фатима Серікбай, Жасмин Бекжанқызы, Зере Өтепқали және Жаңылсын Мұхатованың еншісіне тиді. Спортшыларды бапкерлер Д.Жаксиев, А.Сүлейменова және Қ.Тайжанова жаттықтырды.


ГРЕК-РИМ КҮРЕСІ

Семейде 23 жасқа дейінгі жастар арасында ел чемпионаты өтті. Атыраулық спортшылар арасында 72 келіге дейінгі салмақта Қаһарман Қисметов күміс жүлдеге ие болды.


ЖҮГІРУ


Волгоградта Сталинград түбіндегі фашистік неміс әскерлерінің талқандалуы мерейтойына арналған Бүкілресейлік жеңіл атлетика жүгірісі өтті. 2, 5 және 10 шақырым қашықтықтағы жарысқа 1000-нан астам желаяқтар қатысты.

Профессор Асқар Қазиев бастаған Атырау мұнай және газ университетінің жеңіл атлетика командасы да бұл шараға атсалысты. Профессор бұл жарысқа 22-ші рет қатысып отыр.


БАСКЕТБОЛ

Еуразия лигасы аясында «Атырау барыстары» командасының ойындары өз алаңында жалғасуда.

Қазір «Атырау барыстары» екінші орында нық тұр және халықаралық біріншілікте бірінші орынға таласуға барлық мүмкіндігі бар.

«Барыстар» Х.Досмұхамедұлы атындағы АМУ спорт кешенінде 13 ақпанда сағат 19.00-де «Арсенал» (Тула), ал 15 ақпанда сағат 17.00-де «Урарту» (Ереван) командаларымен кездесу өткізеді.

Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

12 ақпан 2020, 16:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.